10 жыл бұрын құрылған Қызылту ауылында бүгінде тұрғынүй саны 5 мыңнан асып жығылған. Тек ел көбейгенімен елді-мекеннің еңсесі бәрібір өсер емес. Әлеуметтік өзге нысанды айтпағанда, мұнда мектептің өзі жоқ.
Гүлзира Өмірбекова, Қызылту ауылының тұрғыны:
— 500-дей бала көрші ауылдағы мектепке барады. 200-ге жуық бала қаладағы мектепке барады. Гүлдалаға барып қатынайды. Көп ата-аналарға қиын болып жатыр.
Мектепке бөлінген жер бар екен. Тек жұрт оның сатылып жатқанын естуде.
Гүлмира Байымбетова, Қызылту ауылының тұрғыны:
— Негізі мектеп 2013 жылы салынады деп жері тұрған. Енді естіп жатырмыз ол жерлерді сатып жіберіпті, бөліп-бөліп. Естігеніміз бойынша, бөліп 9 мыңнан әрбір учаскесін сатып отыр.
Міне, бұл ел айтқан 8 сотықтан 64 учаскеге бөлініп сатылып кеткен жердің өзі. Жалпы аумағы 5 гектар жерді алып жатқан. 2013 жылы әкімдіктің бұйырығымен мұнда мектеп салынуы тиіс болатын. Бірақ 2 жылдан бері мұнда тұрғынүйдің құрылысы салынып жатқандай.
Қызылтулықтар мектептің салынуын сұрап, жауапты орынның барлығына барыпты. Қазір тағы бір мәрте хабар беру үшін қол жинап жатыр. Бірақ шенеуніктер ел сөзін жоққа шығаруда. Яғни, бұған дейін ешкімнен ешқашан арыз түспеген. Ал құрылысты келер жылы бастаймыз деп сендірді.
Дулат Дәулетәлиев, Панфилов ауылдық аймағы әкімінің міндетін атқарушы:
— Ол жерде адам санының өсуіне байланысты 2014 жылы мектепке жер алып қойған болатынбыз. 2,420 гектар жер тұр. Қасында күзет пункті бар. Халықтың не себептен шулап жатқанын білмеймін енді.
Бірақ әкімдіктің жұмысы мұнда бір мектеппен-ақ бітпейтін тәрізді. Өйткені Қызылтудың жол мен ауыз судан да таршылық көріп отырған жайы бар.