Бастарына пана болар баспананың құр қаңқасына қараша күнде келіп қарап кетеді. Қыстың көзі қырауда құрылысы тоқтаған 5 көпқабатты тұрғын үй көптің көңілін күпті қылған осылай. Жылдап “Тұрғынүй құрылыс жинақ банкіне” қаржысын жиған 400 адам биыл Мамыр ықшамауданындағы су жаңа пәтерлеріне кіруі керек еді. Бірақ семіз сөйлеп арық шыққан пысықайлардың кесірінен қаңыраған қабырғаларға ғана телміріп күн өткізуде. Бөлінген 2 млрд теңгеден астам қаржының қайда кеткені беймәлім.
Асан Қаныбекұлы, салымшы:
— Мен ай сайын 50 мың теңгеден құйып жатырмын. Биыл аламыз деген үмітіміз бар еді ол үмітіміз әзір ақталмай жатыр. Мен өзім қазір пәтер жалдап тұрып жатырмын. Пәтердің өзі арзанға түспейді. 500 доллардан 1000 долларға дейін айына төлеймін.
Қара басына қара шаңырақ таппай қаңғыған қарашаға уәде беруден алдына жан салмайтын шенеуніктер шіреп тұрып осы жылдың ерте көктемінде қоныс тойын тойлайсыңдар деп шорт кескен. Сондағы сенген тұрғын үйлерінің қазіргі сиқы мынау, қаңыраған тас қабырғалар ғана. Көктемнен бері көптің үні өктем шыға бастапты. Бірақ ит үреді, керуен көшедінің кері. Ала жаздай қалалық құрылыс басқармасы мен мердігер компания кім кінәліні іздеп әлек. Ал елдің ондай ермекке зауқы жоқ, 400-дей салымшы сең соққан балықтай сенделіп жүр.
“Қолжетімді баспана-2020”-ға созса қолы қолы жетпей, енді сырт айнала сенген бағдарламам сен болсаң деп жүрген елдің қытығына тиген “АГС-Пласт” компаниясы екен. 13 және 16 қабатты жалпы 5 көпқабатты тұрғын үйді салып бітіруі керек болған. Алайда 2 млрд теңге аздық етіп әкімдікке тағы алақан жайыпты. Өздері қашанғыдай ініне тығылған суырдай зым-зия жоқ. Ал құрылыс басқармасы олармен соттасып әлек.
Мұхаметғаріп Құрманғалиев, Алматы қаласы құрылыс басқармасы бастығының орынбасары:
— 142 500 теңгеден шаршы метрі салынуы керек тұрғын үйдің құрылысы. Ал мемлекеттік сапартамамен шыққан мемлекеттік тұрғын үйдің бір шаршы метрі 168 000 теңгені қүрады. Сондықтан “АГС-Пласт” ЖШС баға арасындағы айырмашылықты бізден сұрап отыр.
Айтылған баға арасындағы айырмашылық 432 млн теңге. Алғашында мемлекеттік бағдарламаның пәтерлерін саларда компанияның қайда қарағаны беймәлім. Соның кесірінен енді 400 тұрғын далада қаңғырып жүр. Жауаптылар 5 тұрғын үйдің жалпы алғанда 2 айлық жұмысы қалды дейді. Желтоқсанға дейін аяқтауға үмітті. Бірақ қос тарап соттың шешімін күтеді.