Юлия Хайдукова үйі өртке оранып, бар мүлкінен айырылған тұрғынның бірі. Абырой болған сырттан көмек келіп, кәрі анасын терезеден дер кезінде түсіріп үлгерген.
Юлия Хайдукова, Алматы қаласының тұрғыны:
— Түнгі 10 жарымның шамасы болуы керек. Қарасам көршімнің үйінен түтін шығып жатыр. Дәлізді ашқаны сол екен өрт менің үйімен жетіп үлгерді. Ескі қамыс үй ғой. Шырпыша жанды. Әйтеуір анамды сырттағы жігіттер терезеден сыртқа шығарып алды.
Жұрт өрттің тұтануын көршілерінен көріп отыр. Айтуларынша, ішкілікке салынған келіншек үйін маскүнемдер ордасына айналдырған.
Соның кесірінен баласы бар, арасында аурушан қарты бар 30 шақты тұрғын түннен бері есік алдында жүр. Не киген жылы киімі, не ішерге ыстық тамағы жоқ.
София Бектасова, Алматы қаласының тұрғыны:
— Осы келіншектің қылығын айтып талай мәрте шағымданып едік. Бірақ не полоциясы да, басқасы да айналыспады. Енді, міне, зардабын тарттырып отыр. Үйсіз қалдырды ақыры. Таңертең өзі қашып кетті.
Ал панасыз, далада қалған жұртпен түстен кейін тілдесуге әкімдіктен өкілдер келді. Бірақ көмектері уақытша қонақ үйге орналастыру мен бір уақыттық ыстық тамақ әзірлеуден басқаға жетпейтін тәрізді. Оны тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы ашық болмаса да, астарлы сөзімен жеткізді.
Ербол Қалжарбеков, Жетісу аудандық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің бастығы:
— Бұл жағдайдың барлығын анықтап болғаннан кейін қалалық әкімдікке ұсыныс жасаймыз. Ары қарай солар шешеді. Қалай болады, түйткіндін артында кінәлі кім?
Демек, жұрттың мәселе бір жақты шешілгенге дейін далада осылай көрпе төсеп, ашық аспан астында күнелтуіне тура келмек. Өйткені әкімдік сараптама қорытындысынан кейін, яғни өрттің нақты себебі анықталған соң ғана қол ұшын бермек. Ал сараптаманың тез шыға қоймасы да анық.