Жарияланды: 410

Алматыда өзгенің қарызы үшін өздері зардап шегіп келе жатқан тұрғындар наразылық білдірді

Алматыда өзгенің қарызы үшін өздері зардап шегіп келе жатқан тұрғындар наразылық білдірді. Орталық көшелердің бірін жауып, айқайға басқан жұрт жылдар бойы жалғасып келе жатқан электр энергиясының тасымалдануын тұрақтандыруды талап етуде. Себебі жарық үшін алынатын ақыны уақытылы төлемеген тұтынушылар кесірінен 3 мыңнан астам шаңырақ ай сайын қиын жағдайға қалып отыр.

Жылдар бойын бейбіт түрде шешімін таппаған жарық мәселесін бүгін жүзге тарта алматылық төтесінен қойды. Олар орталық көшелердің бірін жауып, шенділердің тікелей араласуын талап етті. Бірақ көлік қозғалысына кедергі жасағандарды тәртіп сақшылары бірден тәртіпке салды.

Айқайға басқан жұрт электр энергиясы үшін ай сайын уақытында ақы алынғанымен, берешегі бар тұтынушылар үшін жарықсыз қалатындарын айтады. Себебі «Алматыэнергосбыт» компаниясы тек ерекшелегендерді ғана емес, осы аймақтағы 4 подстанцияға қосылған 3 мыңнан астам тұтынушының барлығын үнемі жарықсыз қалдыруды әдетке айналдырыпты.

Марина Беляева, Алматы қаласының тұрғыны:

-Жаққан жарық үшін үнемі біз ақысын кешіктірмей төлейміз, бірақ бізді жарықсыз қалдырады. Қағаз бойынша бір тиын қарызымыз жоқ. Ал олар берешегі бар адамдармен істерін реттеудің орнына барлығымызды қиын жағдайда қалдырады.

Анықталғандай тұрғындар қосылған подстанциялардың барлығы осы күнге дейін ешкімнің меншігінде тіркелмепті. Сондықтан пайдаланған электр энергиясын жеке тұтынушыдан емес, ортақ көрсеткіш бойынша есептелінген. Ал ол бойынша жалпы қарыз соммасы 4 млн теңгені құрап отыр. Енді осы олқылықтарды жою үшін аудандық әкімдік подстанцияларды өз балансына алып, жағдайды тұрақтандыруды қолға алмақ.

Бекқали Торғаев, Әуезов ауданының әкімі:

Есептегіш құралдар орнатылып болса, енідігі жылы мәселе шешілгенше әрқайсысы өз жеке есебінен төлей тұрады. Осындай уақытша шешімге келу жайлы шешім қабылдадық.

Уақытша шешім қабылданғанмен, қордаланған мәселенінің нақты шешімін табу үшін жұртшылыққа әлі де шыдамдылық танытуға тура келеді. Себебі тек алдағы жылы қаржы бөлініп, тұрғындар тұрақты электр энергиясын тұтына алатын болады. Ал ол уақытқа дейін өзгенің қарызы үшін өз бастарымен жауап бермек.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін