Жарияланды: 560

Алматыда рәміздерді ұлықтауға арналған салтанатты кеш өтті

Бүгін Алматыдағы ең үздік № 4 кітапханада Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен Мемлекеттік рәміздер күніне арналған «Мемлекеттік рәміздер - Тәуелсіздік тұмары» атты салтанатты кеш өтті.

Шараға Алматы қаласы Алмалы ауданы әкімдігінің қызметкерлері, Ардагерлер кеңесінің патриоттық тәрбие комиссиясының төрағалары, тарихшылар, белгілі ақын-жазушылар мен өнер қайраткерлері, сонымен қатар жоғары оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушылары қатысты. Мемлекеттік рәміздерді ұлықтауға арналған шара ҚР-сының Мемлекеттік туын алып төрге алып шығумен және Мемлекеттік әнұранның орындалуымен басталды. Кешке арнайы қатысқан ақын-жазушылар мен тарихшылар Мемлекеттік рәміздердің тарихи мәні мен маңызы жайында жастарға әңгімелеп, оларды білімді, елінің патриот азаматтары болуға шақырды. Кеш қонақтары сонымен қатар, «Тәуелсіз Қазақстан: бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылдығы», «Мемлекеттік рәміздер - Тәуелсіздік символы» тақырыптары аясында оқушылармен ой бөлісті. «Келе жатқан мереке баршамызға құтты болсын! Жер бетінде тәуелсіздігін алмаған елдер көп, тіпті біздің халық санынан көп басқа ұлттар тәуелсіздік үшін күресіп келе жатыр. Сондықтан, біздің ең үлкен бақытымыз -тәуелсіздігімізбен рәміздерімізді қабылдауымызда. Күні кеше ғана тәуелсіздік жолында өздері аянбай еңбек етіп күрескен, біздің алаштың азаматтары, соның ішінде Мұхтар Әуезов тәуелсіздікке таяп кеп, көре алмай кетті, кешегі батырымыз Бауыржан Момышұлы да тәуелсіздігімізді аңсап, көре алмай кетті, біздің ақиық ақынымыз Мұқағали Мақатаев тәуелсіздік үшін өлеңдер жазып жүріп, ол да тәуелсіздікті көре алмады. Сондықтан, тәуелсіздікті көріп отырғанымыз, сол тәуелсіздікте өмір сүріп отырғанымыз үшін біз өзімізді бақытты сезінуіміз керек»,-деді кеш барысында ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Оразақын Асқар. Алматы қаласы Ардагерлер кеңесінің патриоттық тәрбие комиссиясының төрайымы Бижамал Рамазанованың айтуынша, Мемлекеттік рәміздер - еліміздің тәуелсіздігін паш ететін, әрі мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі. «Қасиетті Отанның өзі Мемлекеттік тудан, Елтаңба мен Әнұраннан бастау алады. Оларды жүрегіне басып, маңдайына тигізіп қадірлеу арқылы егемен елдің еңселі азаматтары қалыптасады. Әр қазақстандық Республика Туын, Елтаңбасын, Әнұранын ардақтап, құрметтеуге тиіс. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу - әрбір азаматтың Отан алдындағы қасиетті борышы болуы керек»,-деп атап өтті ол. «Бұл шараны өткізудегі мақсатымыз - тәуелсіз еліміздің ертеңгі тұтқасы болар жастардың бойында отансүйгіштікті, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру және жастарды бабаларымыздың ақжолтай аманаты - қасиетті тәуелсіздікті сақтай білуге, Отанын қорғауға дайын болуға, Қазақстан Республикасының рәміздерін қастерлеуге тәрбиелеу болып табылады",-деді аталмыш шараның ұйымдастырушысы, № 4 кітапхананың директоры Сағынкүл Иманбаева. Шара барысында Мемлекеттік рәміздер туралы деректі фильм көрсетіліп, «Айбыны асқақ, тұғыры биік - Тәуелсіз Қазақстан!» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть