Жоба авторларының пікірінше, бағдарламаның мақсаты — шағын кәсіпкерлік субьектілерінің қаржы ресурстарына қол жеткізу жағдайын қамтамасыз ету және шағын несиелер тарату жүйесін құру болып табылады.
Қазақстанның микроқаржылық ұйымдары қауымдастығының директорлары кеңесінің төрағасы Шалқар Жүсіповтың айтуынша, бағдарлама шағын несиелер тарату жүйесін дамытудың негізгі бағыттарын, шағын несиелік қызмет көрсету рыногын құруға түрткі болатын мемлекеттік шараларды, сондай-ақ, шағын несие беру саласына мониторинг жүргізудің тиімді жүйесін құруды қарастырады.
Ш.Жүсіповтың айтуынша, бағдарламаны жүзеге асыру шағын бизнес субьектілері мен кәсіпкерлікпен жаңадан шұғылдана бастағандарды оқыту, ақпараттық және консалтингтік қызметтер кешенін көрсетуге бағытталады.
Конференция барысында шағын несиелер беру рыногында жұмыс істейтін ұйымдарға аталмыш жобаны жасау және оны талқылау барысына тікелей қатысуға, жобаға қатысты көзқарастары мен нұсқауларын ортаға салуға, министрлік, мекеме өкілдерімен және халықаралық сарапшылармен пікір алмасуға мүмкіндік берілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «шағын несиелер тарату жөніндегі бағдарлама жобасын жасау республика халқына жаппай арзан несиелік ресурстарға қол жеткізуге мүмкіндік беріп, халықтың кірісін арттыру және кедейлікті азайту тәрізді әлеуметтік проблемаларды шешуге жол ашады».
Қазіргі жағдаймен еліміздің 11 аймағында 102 шағын несие таратушы ұйым құрылған. Олар негізінен ірі қалалардағы тұрғындарға қызмет көрсетеді.
Конференцияға индустрия және сауда минитрлігі мен шағын бизнесті қолдау комитетінің басшылары, ауылшаруашылығы министрлігінің, ҚР қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау Агенттігінің, халықаралық ұйымдардың өкілдері, шағын несие беру саласында жұмыс істейтін ұйымдардың басшылары қатысты.