Соғыс жылдары тыным көрмеген кәрі саусақтар енді көз жасын сүртіп отыр. Жеңіс үшін жатпай-тұрмай еңбек еткен кейуана 90-ға жеткен шағында ешкімге де керегі болмай қалған.
Вера Загородникова, тыл ардагері:
— Басқаларға май, сүтін, азық-түлігін аямастан беріп жатыр. Ал маған тіпті тілдей құттықтау хат берсе, сол да жетер еді. Бірақ ол да жоқ.
Вера Загородникованы соңғы рет шенеуніктер осыдан 5 жыл бұрын құттықтапты. «Жеңістің 65 жылдығы» — ардагердің кеудесіне ілінген соңғы төсбелгі. Содан бері құрметтің бәрі сап тыйылып, тыл еңбеккері Жеңіске қатысты шараларды тек теледидардан ғана қарап отыр.
Тұла бойынан әл кеткен тыл еңбеккері өз тіршілігін өзі істеп жүр. Төсегінен асханасына дейін әрең дегенде қимылдайды. Азық-түлігін де дүкеннен өзі жеткізеді екен. Тек соңғы күндері аяғы жүруден қалып, жағдайы қиындаған. Майдан үшін маңдай терін төккен кейуана жарымаған 20 мың теңгемен күн көріп жүр. Жергілікті атқамінерлер оның осы мүшкіл халі тұрмақ, аты-жөнінен де хабарсыз болып шықты.
-Білдей әлеуметтік басқарманың бас маманы болып білмейсіз бе қандай ардагердің бар-жоғын?
Ардагердің, тіпті, жанына желеу болар туысы да жоқ екен. Бауырларының ешқайсысы да майдан даласынан оралмаған. Қазір өз тамағын өзі жасап, жалғыздықта өмір сүріп жүр.