Жарияланды: 1400

Алматыда заңсыз «Трамадол» дәрісін сатқан 16 дәріхана қызметкері жауапкершілікке тартылады

Алматыда заңсыз «Трамадол» дәрісін сатқан 16 дәріхана қызметкері жауапкершілікке тартылады

Алматыда психотропты «Трамадол» дәрісін рецептісіз сатқан 16 дәріхана қызметкері жауапкершілікке тартылады.

Бұл туралы Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасында өткен жиын барысында белгілі болды.

«Свободные люди» қоғамдық ұйымына соңғы уақытта «Трамадолға» тәуелді жастардың ата аналары жиі шағымдана бастаған. Осыған байланысты қоғамдық ұйым қаладағы дәріханаларда тексеру жүргізді.

Рейд барысында 16 сатушы жасөспірімдерге дәрілік препаратты рецептісіз сатты. Төбеден түскендей келе қалған «тексерушілердің» уәжіне сатушылар не дерін білмей, камерадан басын ала қашқан.

«Трамадол» - синтетикалық опиоид. Бұл да героин сияқты 100 пайыздық тәуелділік тудырады. Қазір онымен көбіне жастар әуестеніп жүр. Дәрінің 5 таблектасын бірдей ішсе, бұл героиннің әсерімен парапар. Сондай-ақ, бұл 1 ғана дәрі емес. Сол сияқты «Сомнол», «Тропикамид», «Цикломед» дәрілері де рецептісіз сатылып жүр деп естідік. Негізінен «Трамадолды» онкологиялық науқастардың ауруын жеңілдетуге береді», - деді қоғамдық ұйым директоры Ольга Агапова.

Қазіргі таңда 16 сатушының әрекетіне қатысты бейнедəйектер құқық қорғау органдарына тапсырылды. Оларға 100-ден 1000-ға дейінгі АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Айта кетейік, қатты әсер ететін «Трамадол» Беларусь пен Украинада есірткі заттары қатарына жатқызылған. Ал, Қазақстанда олай емес.

Сондай-ақ, жиын барысында дәріханалардағы баға мен бағаны реттеу саясаты талқыланды.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанат Қасымжанованың айтуынша, жергілікті тұрғындар арасында жекеменшік дəріханаларда дəрілік заттардың тым қымбаттығына шағымданып келушілер көп. 

Мамандардың айтуынша, бүгінде бағалық саясат нарықтық ортада реттеледі. Мемлекет тек кепілдік көмек аясында сатылып алынатын дәрілердің ғана бағасын реттеп отырады.

«Алматыда ірі бәсекелестік ортасы қалыптасты. Бір миллион адам тұратын қалада 2 мыңнан астам медициналық орталық, мыңға жуық жеке аптека бар. Біз кәсіби біліктіліктен заңдық біліктілікке көшуіміз керек. Ол үшін қызметкерлерді оқытып, әр өзгерістермен таныстырып отыруымыз керек. Осында отырған әр провизор өз дәріханасына барып, қызметкерлеріне бүгінгі айтылған мәселелерді жеткізсін», - деді Жанат Қасымжанова.

Айта кету керек, жеке дәріханалар шағын және орта бизнеске жатады. 2015 жылы жарияланған мораторийге сəйкес оларды қазір  тексеру мүмкін емес.

"Былтыр жарияланған соң (мораторий) аптекаларға тексеруге шыға алмаймыз. Тек арыз-шағымдар түскен жағдайда ғана тексеруге шығамыз. Онда да касса чегі болған жағдайда ғана. Биыл бұл мəселе Əділет министрлігінің қарауында жатыр. Жақында шешіледі деп ойлаймыз", - деді ҚР ДСӘДМ медициналық және фармацевтикалық комитет департаменті жетекшісінің орынбасары Мұрат Мұхамедьяров.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін