Бұл қоршаудың ішінде бүтін ауыл жатыр. Тұрғындары тура тұтқын секілді. Өз үйлеріне кірмес бұрын күзеттің көзінен өтеді.
Гүлсара Сауранбаева, Шұғыла ауылының тұрғыны:
-Көмір алып бұл жаққа өткізбейді. Біз келе жатсақ бала-шағамызбен машинаны тексереді. Бұл не деген сұмдық!
Ерікті адамдарды еріксіз еткен еріккендер емес, Шұғыла ауылының жаңа қожайындары. Жиырма жыл бұрын ел-жұртқа берілген 153 гектар жер жақында Алматы қаласы аумағына қосылғанда жаңа иелері төбе көрсеткен. Қолында толық құжаты бар фирма бүкіл жерді талап етіп, енді елді өз үйлерінен қуып жатыр.
Несіпхан Алтаева, Шұғыла ауылының тұрғыны:
-Мына жақ сүріліп жатыр ғой. Енді бізге келеді. Қыс көзі қырауда 3 баламен мені пәтерге де алмайды. Жарты күннің ішінде көшіңдер бітті дейді. Ал көшкенде қайда барамыз?
Шұғыла ауылында дәл қазір 120 үй бар. Іргетасы жаңадан құйылғаны 200 шақты. Оның тең жартысы қазір мынау қоршаудың арғы жағында. Жаңадан пайда болған қожайындар ескілері кіріп кетпесін деп оны 4 метрлік қорғанмен қоршап, ол аздай темір тікендермен де орап тастаған.
Жаңа қожайын қарауыл да қойыпты. Бірақ, өз мүлігіне араша түскен топ күзеттің мұздай қаруына да қараған жоқ. Ал жерге қатысты жырдың басталғанына талай жыл болыпты. Кезінде кеңшардан пай үлесі ретінде алған жерді жұрт жеке-жеке аттарына рәсімдемей, ортақ актімен жүре берген. Айдаладағы 153 гектар жерге кім таласар деп ойламағаны анық. Ал таласатын адамдар ауыл былтыр ғана қала аумағына қосылып, бағасы шарықтап кеткенде табылған. Жұрттың жерін кезінде жергілікті әкімдіктегі пысықайлар қайтара сатса керек. Өйткені, жаңа қожайынның да қолында құжатары түгел.
-Біз күзетіп жатырмыз жерді. Ешкім тұрмасын, ешкім кіріп кетпесін деп. Қанша ұрлық болып жатыр. Жерді басып алып жатыр. Бетон құйып тастайды да менің жерім дейді. Мемлекеттік актісі дымы жоқ!
Ал жерге таласқан жұрт пен жаңа қожайындар арасындағы ерегіс осылайша төбелеспен аяқтала жаздады. Бірақ, арадағы қырқыс үдемесе мұнымен бітпейін деп тұр. Тараптар енді әділдігін Жоғарғы сотқа дейін барып сұрамақ.