Алматыдағы "Дербес" сыра зауытында 100 литр улы аммиак ауаға таралды
"Ақнар " ЖШС-іне қарайтын "Дербес" сыра зауытында 100 литр улы аммиак газы апат салдарынан ауаға таралды,- деп хабарлайды Алматы өртке қарсы күрес қызметі. |
Ақпаратқа жүгінсек, аммиакты-компрессорлық қондырғының қақпағы жұлынып кету салдарынан 27-маусымда кешкі 20 сағат 50 минутта ауаға улы газ таралған. Ауаға аммиак таралу оқиғасы 5-10 минутқа созылған. Апатқа кәсіпорын мамандарының күшімен тосқауыл қойылды.
Улы заттың таралуы салдарынан 1970-жылы туылған қондырғы операторы Жеңісбек Бектемісовтің ағзасының 52 процентін күйік шалып, жоғарғы тыныс алу жолдарына зардап келді. Қазір ол Алматы қалалық 4-ауруханасының реанимациялық бөлімінде жатыр.
ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі Агенттігінің мәліметіне сәйкес, аммиакты-компрессорлық қондырғыны монтаждау барысындағы ақау апатқа себепкер болды. Жалпы алғанда, бұл өндірісте шамамен 1 тоннадай аммиак қолданылады екен. Алайда, аталмыш кәсіпорында аса қатерлі улы заттың қолданылатындығынан ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі Агенттігі бейхабар болып шықты. Бұл туралы кәсіпорын Агенттікке мәлімет бермеген көрінеді.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін