Жарияланды: 790

Алматыдағы салынып жатқан метро құрылысының аумағында жер қабаты уақытша бекіту орнында опырылған - метро құрылысы дирекциясы

Алматы. 15 тамыз. "Қазақстан Бүгін" - Алматыдағы салынып жатқан метро құрылысының аумағында жер қабаты уақытша бекіту орнында опырылған. Бұл туралы "Салынып жатқан метроның дирекциясы" ҚКК бас инженері Бахыт Божбанбаев мәлім етті, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

"Келешекте негізгі монолитті темірбетон конструкцияны тұрғызу үшін арматуралық каркасты монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатқан жерде уақытша бекітілген тұсында жер қабаты опырылды", -деді Б. Божбанбаев. Оның айтуынша, "құрылғының тұрақты конструкциясы монолитті темірбетоннан тұрғызылады. Жобаны жасауда өңірдің жоғары сейсмикалық қауіпті аймақта тұрғанын ескеріп, конструкцияның есебі міндетті түрде жасалады. Осындай есептің нәтижесіне қарай бетонның классы, арматураның классы мен диаметрі айқындалады. Жобада сейсмологиялық қосылыстар да қарастырылған. Конструкцияның беріктігі барлық жүктемелерді көтеруге жетеді". "Метро құрылысында атқарылатын құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасына үш сатылы бақылау қойылған. Ішкі техникалық қадағалау түрінде мердігердің өзі тікелей бақылау қояды. Сонымен бірге бас жобалаушы авторлық қадағалау жасаса, құрылыс жұмыстарының барысына тапсырыс беруші техникалық қадағалауды жүзеге асырады", -деді бас инженер. Оның хабарлауынша, "бас жоба жасаушы болған оқиғаны ескере отырып нысанды әріқарай салу үлгілерін дәйектеуде. Нысанды одан әрі салу жұмыстары шешім қабылданғаннан кейін жалғасады. Бұдан былай осындай оқиғаға жол бермеуге шаралар қолданылуда". Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Алматыдағы салынып жатқан метро құрылысының аумағында жер қабаты топырақтың шайылуы салдарынан опырылған. Осы аптада "Алматыметроқұрылыс"АҚ дирекциясы осындай мәлімдеме таратты. "Абай және Гагарин даңғылдарының қиылысынан оңтүстікке қарай жатқан жерлердегі топырақ қабаты саз бен құмнан және өсімдіктер қабатынан тұратын төсеме топыраққа жатады. Гагарин даңғылын бөліп тұрған жасыл жолақ жаз маусымында арық жүйесімен суарылады. Топырақты су біртіндеп шайып отырған. Сөйтіп, топырақ қабатының ылғалдылық деңгейі шарықтау шегіне жеткен кезде өзінің салмағын көтере алмай, жер қабаты опырылып түскен", - делінген хабарламада. АҚ дирекциясының нақтылауынша, "аталған ауданда метроның "Алатау" станциясының айналма құрылысы жер асты тәсілімен салынып жатқан". "Құрылыс конструкциясының ең жоғарғы нүктесінен жер бетіне дейінгі арақашықтық - 6 метрге жуық", - деп хабарлайды "Алматыметроқұрылыс". Опырылу оқиғасы 9 тамызда сағат 17.00 шамасында болған. "Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатымен Гагарин даңғылының шығыс бөлігі арқылы өтетін қозғалыс тоқтатылып, опырылу аймағы қоршалды. Қалалық коммуналдық қызметтердің күшімен арықтағы су тартылды. Бұдан кейін апатты жою жұмыстары басталды", - деп хабарлайды АҚ. "Дер кезінде қолданылған шұғыл шаралардың арқасында опырылу зардаптары шұғыл жойылып, көлік қозғалысы қалпына келтірілді",- деп хабарлайды компаниядағылар. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін