Алматыдағы крематорий 100 күнде алты кремация жасады: 1,5 млрд теңгелік нысанға сұраныс арта ма? - kaz.caravan.kz
  • $ 465.08
  • 536.52
+26 °C
Алматы
2026 Жыл
14 Тамыз
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыдағы крематорий 100 күнде алты кремация жасады: 1,5 млрд теңгелік нысанға сұраныс арта ма?

Алматыдағы крематорий 100 күнде алты кремация жасады: 1,5 млрд теңгелік нысанға сұраныс арта ма?

Алматыдағы жыр болған крематорий ақыры ашылды. Алғашқы статистика да шықты. Енді ол алдағы уақытта қаншалықты қажет болады?

  • 11 Тамыз
  • 47
Фото: Фото: en.wikipedia.org

Қазақстандағы алғашқы крематорийдің ашылғанына үш айдан астам уақыт өтті. 30 сәуірде ресми түрде іске қосылған нысан қазір штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Алайда алғашқы 100 күннің көрсеткіші әзірге қоғамдағы үлкен пікірталасты нақты сұранысқа айналдыра қойған жоқ, себебі осы уақыт ішінде Алматы крематорийінде небәрі алты кремация жасалған. Caravan.kz медиа порталының тілшісі тақырыпты саралап көрді.

Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, барлық алты жағдайда да кремация марқұмның көзі тірісінде жазбаша түрде нотариалды куәландырылған ерік білдіруі негізінде жүргізілген.

Крематорийдің жобалық қуаты тәулігіне 16-дан 24 кремацияға дейін жетеді. Нысанда екі екі камералы кремациялық пеш орнатылған. Яғни теориялық тұрғыдан алғанда, қазіргі көрсеткіш оның өндірістік мүмкіндігінің өте аз бөлігін ғана құрайды.

Дегенмен, бұл алты жағдайды крематорийге сұраныс жоқ деп бағалауға да әлі ерте. Басқарма әзірге көрсеткіштің аздығына байланысты толыққанды статистика қалыптастыруға және тұрақты үрдістерді анықтауға жеткілікті дерек жоқ екенін айтады.

Сонымен қатар крематорий қызметкерлерінің айтуынша, кеңес алуға келетін азаматтардың саны біртіндеп көбейіп келеді.

Алты кремация — сұраныстың жоқтығы ма, әлде қоғамның жаңа қызметке бейімделу кезеңі ме?

Кремация Қазақстан үшін жаңа құбылыс деуге болады, десе де әлемнің көптеген елдерінде бұл жерлеудің қалыпты тәсілдерінің біріне айналған. Алматыда қызметтің пайда болуынан бұрын оның айналасында қоғамдық және мәдени пікірталастың қалыптасып үлгерді.

Қоғамының көпшілік бөлігі кремацияны дәстүрлі жерлеу рәсіміне балама ретінде қабылдай бермейді. Әсіресе мұсылман отбасылары үшін марқұмды жерлеудің қалыптасқан діни және салттық тәртібі маңызды. Сондықтан крематорийдің іске қосылуы тек медициналық немесе коммуналдық қызметтің пайда болуы емес, қоғамның өлім мен жерлеуге деген көзқарасына қатысты мәселе болып отыр.

Сонымен бірге билік кремацияға деген қызығушылықтың біртіндеп өсіп келе жатқанын атап өтеді.

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тәжімұраттың айтуынша, тұрғындардың бұл қызметке қызығушылығы артып келеді. Оның пікірінше, бұған урбандалу, ірі қалалардағы зираттар үшін бос жердің шектеулілігі және азаматтардың экологиялық сауаттылығының артуы әсер етуі мүмкін.

Бұл жерде Алматының мәселесі ерекше маңызды. Қала аумағы кеңейіп, халық саны өсіп келе жатқан кезде жер ресурстарының тапшылығы тек тұрғын үй мен инфрақұрылым мәселесіне ғана емес, жерлеу орындарына да қатысты болып отыр. Сондықтан кремацияның болашағын тек діни немесе дәстүрлі көзқарас тұрғысынан емес, ірі қалалардың жер ресурстарын басқару мәселесі ретінде де қарастыруға тура келеді.

Крематорий не үшін қажет болды?

Кремацияны қолдайтын негізгі аргументтердің бірі — жерді үнемдеу. Дәстүрлі жерлеу кезінде бір адамға жеке жер телімі қажет. Ал кремациядан кейінгі күл салынған құты әлдеқайда аз орын алады. Бұл әсіресе жер тапшылығы сезіліп отырған мегаполистер үшін маңызды фактор.

2025 жылы Cities журналында жарияланған зерттеуде де әлемдегі халық санының өсуі, климаттың өзгеруі, жер тапшылығы, ресурстардың шектеулілігі және әлеуметтік теңсіздік жерлеу орындарының қолжетімділігіне әсер ететіні айтылған.

Бірқатар елдер мен ірі қалаларда зираттарға арналған жер тапшылығы қазірдің өзінде байқалады. Олардың қатарында Қытай, Сингапур, Жапония, Ұлыбритания, Израиль және Оңтүстік Африка Республикасы бар. Париж, Нью-Йорк, Лос-Анджелес пен Лондон секілді мегаполистер де жерлеу орындарының тапшылығына тап болып отыр.

БҰҰ болжамдары бойынша, алдағы онжылдықтарда әлемдегі өлім саны да айтарлықтай өседі. Бұл жерлеу орындарына түсетін қысымды күшейтуі мүмкін. Демек, кремация мәселесі уақыт өте келе Қазақстанда да тек жеке адамның таңдауы емес, қалалық жоспарлау мен жер ресурстарын пайдалану мәселесіне айналуы ықтимал.

Бірақ кремация экологиялық тұрғыдан қаншалықты қауіпсіз?

Кремацияны қолдаушылар оның жерді үнемдейтінін және дәстүрлі жерлеуге қарағанда бірқатар экологиялық артықшылығы бар екенін алға тартады. Бірақ кремацияны толықтай экологиялық қауіпсіз әдіс деп айтуға болмайды.

Кремация кезінде табиғи газ пайдаланылады, сонымен қатар атмосфераға әртүрлі ластаушы заттар бөлінеді.

Бір адамды кремациялау кезінде шамамен 285 кВт/сағ газ және 15 кВт/сағ электр энергиясы жұмсалатыны туралы деректер келтіріледі. Бұл процесс кезінде бөлінетін көмірқышқыл газының көлемі шамамен бір автокөліктің 800 шақырым жүрген кездегі шығарындыларына тең болуы мүмкін.

Сонымен қатар адамның ағзасында болған кейбір материалдар, мысалы, тіс пломбаларындағы сынап және түрлі импланттар кремация кезінде қосымша экологиялық қауіп тудыруы ықтимал.

Эколог Денис Дубовецтің айтуынша, кремация барысында атмосфералық ауаға ластаушы заттар мен қалдықтар бөлінеді. Оның пікірінше, мәйітті термиялық жолмен жою үшін табиғи газдың қолданылуының өзі атмосфераға қосымша шығарындылардың таралуына себеп болады. Яғни, кремацияны «экологиялық шешім» деп біржақты бағалау дұрыс емес. Оның бір артықшылығы — жерді аз қажет етуі болса, екінші жағынан, энергия тұтыну мен атмосфераға шығарындылар мәселесі бар.

Оқи отырыңыз: Халық кремация идеясын қолдамайды: Aлматыдағы 1,5 млрд теңгелік крематорий қалай салынды?

Кремация қалай жүргізіледі?

Крематорийде мәйіт арнайы ағаш табытқа орналастырылады. Процесс шамамен екі сағатқа созылады. Кремация алдында өртеген кезде қауіпті немесе улы заттар бөлінуі мүмкін жеке бұйымдар алынып тасталады. Мәйітте металл протездер, импланттар немесе басқа да тиісті заттар болса, олар да процедура талаптарына сәйкес алынады.

Пештің температурасы шамамен 1000 градусқа дейін жетеді. Кремация кезінде бөгде адамдардың қатысуы қарастырылмайды. Процесс аяқталғаннан кейін марқұмның туыстарына күл салынған арнайы ыдыс беріледі.

Бұған дейін қазақстандықтар кремацияны қайда жасатты?

Алматыда алғашқы крематорий ашылғанға дейін Қазақстан аумағында мұндай қызметті ресми түрде алу мүмкіндігі болмады. Кремация жасағысы келген азаматтар мәйітті шетелге шығаруға мәжбүр болды. Мысалы, кейбір компаниялар мәйітті Ресейдің Новосібір қаласына жеткізіп, сол жерде кремация жасау қызметін ұсынған. Мұндай қызметтердің құны шамамен 400 мың теңгеден басталған. Оның ішіне мәйітті тасымалдау, крематорийдегі рәсім, күл салатын ыдыс және қажетті құжаттарды рәсімдеу кірген.

Ал Алматыдағы алғашқы крематорий ашылған кезде оның қызмет құны шамамен 240 мың теңге болады деп айтылған еді. Қазіргі нақты қызмет көрсету тәртібі мен тарифтер бойынша тиісті рәсімдер пысықталған.

Қазақстанда кремацияға қашан заңды түрде рұқсат берілді?

Крематорийдің іске қосылуына тек ғимараттың салынуы жеткіліксіз болды. Кремация рәсімінің заңнамалық негізі де қажет еді. Қазақстанда жерлеу рәсімдеріне қатысты нормативтік құжаттарға енгізілген өзгерістер алғаш рет кремацияны заң жүзінде бекітіп, крематорийлердің жұмыс істеуіне құқықтық мүмкіндік берді.

Бұл ретте маңызды шарттардың бірі — марқұмның көзі тірісінде кремацияға қатысты нотариалды түрде куәландырылған жазбаша ерік білдіруі. Алматыдағы алғашқы алты кремацияның барлығы дәл осы талап негізінде жүргізілген.

Яғни қазіргі кезеңде кремация қоғамға жаппай енгізілген қызмет емес. Ол заңдастырылған, бірақ әзірге сұранысы қалыптасу үстіндегі балама жерлеу тәсілі.

1,5 млрд теңгелік нысан қалай салынды?

Крематорийдің бүгінгі жұмысын түсіну үшін оның тарихына да үңілу қажет. Себебі Алматыдағы бұл нысанның құрылысы бірнеше жылға созылып, бірнеше рет кейінге шегерілген.

Крематорий салу идеясы Алматыда 1980-жылдардың өзінде көтерілген. Алайда нақты жоба кейінірек пайда болды.

2011 жылы «Арнаулы жерлеу қызметтері комбинаты» крематорий жобасын әзірледі. Алғашқы жоспар бойынша нысанды шетелдік инвесторлардың қатысуымен салу көзделген. Бірақ келіссөздер нәтижесіз аяқталып, жоба тоқтап қалды.

2014 жылы билік мәселеге қайта оралып, крематорийді бюджет есебінен салу ұсынылды. Сол кезде нысанның құны шамамен 5 млн АҚШ долларына бағаланғанымен, қаржыландыру мәселесі шешілмеді.

Жоба тек 2020 жылы қайта жанданды. Сол жылы жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге 46,8 млн теңге бөлінді. Ал крематорийдің жалпы құны шамамен 1,3 млрд теңге деп көрсетілді.

Кейін құрылыс құны тағы өзгеріп, нәтижесінде жобаға жұмсалған қаражат 1,5 млрд теңгеден асты.

Нысан қай жерде орналасқан?

Крематорий Алматының Алатау ауданындағы Көкқайнар шағынауданында, жаңа зираттың маңында орналасқан. Нысан шамамен 0,7 гектар жер учаскесінде орналасқан және Қалалық патологоанатомиялық бюроның уақытша өтеусіз пайдалануында.

Ғимаратта қоштасу залы, кремациялық пештер орналасқан арнайы залдар, мәйіттерді уақытша сақтауға арналған бөлмелер және күлді сақтауға арналған орындар қарастырылған. Яғни, нысан тек пеш орнатылған ғимарат емес, жерлеуге дейінгі және кремациядан кейінгі рәсімдерге қажетті инфрақұрылымы бар кешен ретінде жобаланған.

Қоғам толық қабылдамай отырған қызметтің болашағы қандай?

Алматыдағы жыр болған крематорий ашылуы ашылды, енді ол алдағы уақытта қаншалықты қажет болады? Бүгінгі статистикаға қарасақ, 100 күнде алты кремация. Бұл көрсеткіш кремацияның Қазақстан қоғамында кең тараған жерлеу тәсіліне әлі айналмағанын көрсетеді. Бірақ алты жағдайдың өзі қызметке нақты сұраныс бар екенін де дәлелдейді.

Мәселе осы сұраныстың уақыт өте келе қаншалықты өсетінінде. Бір жағынан, Қазақстандағы діни және дәстүрлі түсініктер кремацияның жаппай таралуына кедергі болуы мүмкін. Екінші жағынан, Алматы сияқты ірі қалаларда халық санының өсуі, зираттарға жердің тапшылығы және жерлеу инфрақұрылымына түсетін қысым бұл мәселені қайта-қайта күн тәртібіне шығаруы ықтимал.

Сондықтан крематорийдің болашағын бүгінгі алты кремациямен өлшеуге ерте.