Ал, бағаның қымбаттауына энергия өндіруші ұйымдардың өз стансаларындағы электр энергиясының босату бағаларын қымбаттатуы басты себеп болды. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС Бас директоры Михаил Гамбургер мәлімдеді.
Оның айтуынша, электр қуатының тарифі энергия көздеріндегі босату бағаларына тікелей байланысты.
«Солтүстіктегі энергия көздері, яғни Екібастұз мемлекеттік аймақтық электр стансалары (МАЭС-1, МАЭС-2) электр энергиясының босату бағасын — 8,8 теңгеге дейін (10%), «Алматы электр стансалары» АҚ — 8,6 теңге (5%) және Жамбыл МАЭС-і — 8,7 теңгеге дейін (2%) өсірді. Оған қоса, электр желілерін басқарумен айналысатын «KEGOC» АҚ электр қуатын өз желілері арқылы тарату бағасын бірден 33%-ға, ал «АЖК» АҚ өзінің өңірлік деңгейдегі желілері арқылы тарату бағасын 4%-ға өсіріп отыр. Сондықтан, Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментімен келісе отырып, біз де бағаны көтеруге мәжбүр болдық» — деді М. Гамбургер.
Сонымен қатар, ол ««KEGOC» АҚ бағаны неге бірден 33 пайызға көтергендігін түсіндірді.
«Өздеріңіз білесіздер, кезінде солтүстік пен оңтүстікті байланыстыратын бір-ақ желі болатын. Қазір бір емес, екі желі бар. Бірақ, солардың өткізу қуатының өзі соңғы жылдары жетіспеуге айналды. Сондықтан, «KEGOC» компаниясы басқа да компаниялар секілді өз желілерін дамытумен айналысып жатыр. Мысалы, өткен жылы Ақтөбе мен Қостанай қаласын байланыстыратын 500 кВольттық жаңа желі тартылды. Қазір осы желіні оңтүстікке — Алматыға дейін дейін тарту жұмыстары қолға алынып жатыр. Оның үстіне, бүгінде энергетика саласында инвесторлар аз. Сондықтан, компания банктерден несие алуға мәжбүр. Ал несиені әрине дер кезінде қайтару керек. Сол үшін бағаны да өсіруге мәжбүр болуда. Дегенмен, тарифтердің өсуі Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Шекті тарифтерді белгілеу туралы» 2009 жылдың 25 наурызында қабылданған № 392-ші қаулысына сәйкес жүргізіліп жатыр» — деді М. Гамбургер.
Айта кетелік, Алматы қаласы мен Алматы облысын электр энергиясымен қамтамасыз етуде «Алматы электр стансалары» АҚ үлесі 45 пайыз, Жамбыл МАЭС-і — 19, «Мойнақ» су электр стансасы — 11 және Солтүстіктегі энергия көздерінің үлесі 25 пайызды құрайды.