Десе де ауруханаға ем іздеп келген науқастар аз. Көбісі үйде ем қабылдап, аурулары асқынған соң ғана дәрігерлердің көмегіне жүгінеді екен. Ал мамандар, тұмау қаңтардың орта тұсынан басталып, ақпанда шарықтау шегіне жетеді деп отыр. Бұл дерттің екінші кезеңінен дер кезінде вакцинациядан өтпеген жандар зардап шегуі мүмкін. Бірақ ақ халаттылар биыл тұмаудың өршуі жылдағыдан көп болмайтынына сенімді. Өйткені тұмаудың алдын алу мақсатында республика бойынша 1 млн 600 мың адамға егу жұмыстары жүргізілген екен. Дегенмен дәрігерлер күннің жылы болғанына қарамастан дерттің алдын алуға шақырады.
Тамара Ұтағанова, Жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
–Әрбір аурудың өз табалдырығы бар. Егер ауру саны сол табалдырықтан асатын болса сол кезде ғана біз жағдайды тұрақсыз деп танимыз. Қазірше ол табалдырықтың шегіне жеткен жоқпыз. Ауа-райы алдамшы болғандықтан тұрғындар жылы сақтанбау, жеңіл шығу, өздері ауруды ынталандыруға немесе аурудың үдей түсуіне жағдай жасайды.