Жүрімбек Сыдықов тарихта есімін алтын әріппен жазуға лайық азаматтардың бірі. Ата-анасынан ерте айырылған ол балалар үйінде тәрбиеленіп, 1940 жылы әскер қатарына алынған. Содан майданға аттанады. Ардагер соғысты жапон басқыншыларымен бастап, Еуропаны азат етуге дейін қатысқан. Екі рет жараланыпты.
Жүрімбек Сыдықов, ҰОС ардагері:
–Бірінші рет Курск пен Орлов қаласын алғанда жараландым. Жарақатым онша ауыр емес. Біраз уақыт госпитальда жатып жазылып шықтым. Смоленскіге жақындаған уақытта, елдердің айтуынша, қалаға 15 шақырым қалғанда мен қатты жараландым.
Сөйтіп, 1944 жылы Ұлы отан соғысының мүгедегі атанып елге оралады. Өмірге құштар азамат жарымжанмын деп жасымады. Тау-кен институтына оқуға түсіп, оны гидро-геолог мамандығы бойынша үздік бірген. Академик Қаныш Сәтбаевтің қарауында 15 жыл қызмет еткен.
Мәймүна Сыдықова, Ж.Сыдықовтың зайыбы:
–Бұл кісі кандидиаттық, докторлық жұмыс жазды. 5-6 айға экспедицияға кетеді. Сонда жалғыз өзім балаларға қарап, тілеуін тілеп отырам.
Өмірлері өнегеге қолы қос қарияның қол ұстасып күн кешкендеріне биыл 65 жыл толды. 4 бала тәрбиелеген бақытты жұп 10 немере мен 3 шөбересінің қызығын көруде. Бүгінде Ақсу ауданындағы орта мектеп Жүрімбек Сыдықовтың есімімен аталады.
-Берді сорпасын, берді нанын,
Қиындықтан алып шыққан,
Ұлы халық – қазақтарға рахмет!
Суырып салма ақындығы бар бұл ақсақал 93 жастағы Тәсім Әлиев. Грекияда туған қарт майдангер соғысқа да сол жақтан аттаныпты. Кейін туыстары Қазақстанға жер аударылған. Майданға басынан аяғына дейін қатысқан ардагер екінші отаны Қазақстанға оралады. Осында колхоздың қамбасында жұмыс істеп жүріп, аяғын үсіп қалған. Ақсақалдың жүзіндегі әрбір әжімі көрген бейнетінің белгісіндей. Бірақ ешқашан қиындыққа мойыған емес. Үнемі ұрпақтарына бейбіт өмір мен еңбексүйгіштікті насихаттап отырады.
Тәсім Әлиев, ҰОС ардагері:
–Тілегім осы, Қазақстан аман болсын, халқымыз тыныш болсын! Жамандық болмасын! Құдай қиындық бермесін, бала-шағамыз аман болсын!
Қарияның бар байлығы – балалары. 11 перзентіннен 55 немере, 22 шөбере сүйген. Шөпшектің саны – жетеу. Ақсақал мереке күндері ұрпағымен үлкен дастархан басына жиналып, өнегелі өсиет айтудан жалықпайды.