Алғаш боп сот алдына Азамат Тәжияқов келмек. Мамырдың 30-на белгіленген процеске Азаматтың адвокаттары сақадай сай екендерін жеткізді. Ал, екінші отандасымыз Диас Қадырбаевқа қатысты қозғалған қылмыстық іс қыркүйектің 8-і күні қаралмақ. Айта кетейік, адвокаттар істі басқа штатта қарауды сұраған. Дегенмен бұл өтінішті судья қабыл алмады. Бостондағы жарылысты ұйымдастырған Жоһар Царнаевпен сыбайласып, айғақ заттардың көзін құртты деп айыпталған отандастарымыз кінәлі деп танылса 25 жылға абақтыға тоғытылуы мүмкін. Федералдық тергеу бюросы ресми айыптарын айғақтап осындай кесімге келіп отыр. Сондай-ақ тергеушілер абақтыға айдағанымен қоймай Тәжияқов пен Қадырбаевтың қара бастарына үлкен айыппұл да салмақшы.