4 жыл іздеуде жүріп соңындаМәскеуде ұсталған Анар Мешімбаева 3 ай бұрын кісенмен елге жеткізілген еді. Ол кезде түрі қатты шаршаңқы болатын. Қазір өңі кіріп қалыпты. Тіпті сот залына құдды төрайым кезіндегідей ашық түсті киіммен келді. Судьяның сұрақтарына да езу тартып жылы жауап қатты.
— Жұмыс орныңыз?
— Соңғысы ма?
— Қазіргісі.
— Қазір тергеу абақтысында отырмын негізі….
Ал қуықтай ғана сот залына куәгерлер түгілі тілшілер де сыймай қалды. Алғашқы отырыста мемлекеттік айыптаушы экс-шенеуніктің қазынаның әрбір теңгесін қалай қолды қылғанын жіпке тізіп берді. Алайда, өте сенімді сөйлеген Анар Мешімбаева прокурор таққан айыптардың бірін де мойындаған жоқ.
Анар Мешімбаева:
— Өзіме тағылған айыпен келіспеймін. Қылмыстық кодекстің 176 , 307, баптар бойынша тағылған кінәні мүлдем мойындамаймын.
Тіпті экс-төрайым кезінде өзі басқарған Статистика Агенттігінен жәбірленуші ретінде келіп материалдық өтемақы талап еткен Арман Темірбаевтың өзін сауалдың астына алып қатты састырды.
— Агенттік жетекшісі бланк, қағаз бен қаламсаптың бағаларымен айналыспайды. Не айтып тұрсыз? Мен тек Агенттіктің жалпы жұмысына жауапты болдым.
Осылайша даусы қатқыл шыққан Мешімбаева ханым 2009 жылы ұлттық санаққа бөлінген 758 млн теңгені ұрлағанымды дәлелдейтін нақты айғақ жоқ деп отыр. Ал, адвокаты куәгерлерлер қатарына кезінде Мешімбаеваның орынбасарлары болған Нұрман Баянов пен Бірлік Мендібаев және "Киік" фирмасының құрылтайшысы Серік Тұржановтың қатысуын талап етті. Бұл үштік Мешімбаева шетелде бас сауғалап жүргенде 6 жылға сотталып кеткен-ді. Ал бұрынғы бас статистиктің қорғаушысы ол 4 жыл бойы қашып жүрді деген әңгімені жоққа шығарды.
Ботакөз Бейсембаева, Анар Мешімбаеваның адвокаты:
— Мешімбаева Араб Әмірліктерінде жасырынған жоқ. Енді жауабым түсінікті ме?
Бүгінгі отырысқа Мешімбаеваның жақындарынан тек әкесі келіпті. Жүрегі сыздаған қарияның 43 жастағы қызын біраздан бері көріп тұрғаны осы.
Ертілеу Мешімбаев, Анар Мешімбаеваның әкесі:
— Менің жағдайымда жауап бере алмаймын қазір. Ештеңе айтпаймын.
— Анар Мешімбаеваға қатысты сот басталмай жатып бірнеше күнге үзіліс алды. Енді келесі отырыс бір аптадан соң өтеді. 32 томдық іске жүк болған қылмыстық материалдар бойынша жүздеген куәгер тыңдалуы тиіс.Ал еліміздің бұрынғы бас статистигі Анар Мешімбаеваның кінәсі дәлелденсе кемі 10 жылға абақтыға жабылып, бар дүние мүлкі тәркіленуі мүмкін.