Ақмола облысында тұрғындар қалталы кәсіпкерден ақысын ала алмай жүр - kaz.caravan.kz
  • $ 471.77
  • 547.25
+12 °C
Алматы
2026 Жыл
20 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ақмола облысында тұрғындар қалталы кәсіпкерден ақысын ала алмай жүр

Ақмола облысында тұрғындар қалталы кәсіпкерден ақысын ала алмай жүр

Ақмола облысында жұрт өздеріне тиесілі егістіктен үлес ала алмай жүр. Кезінде «Богви» серіктестігіне жалға берілген жерді компания басшысы Виктор Богданец банкке кепілдікке қойып жіберіпті. Сөйтіп, 2 млрд теңгені талан-таражға салса да, қалталы кәсіпкер 1 жыл шартты жазамен құтылған болатын. Ал жұрттың жері банк пен салық бойынша миллиондаған қарыз үшін әлі бұғатталып тұр.

  • 2 Шiлде 2015
  • 237
Фото - Caravan.kz

Бұл – Зеренді ауданында жер даулап жүрген 3 ауылдың белсенділері. Жиі- жиі жиналып, «Богви» серіктестігіне 7 пайыз үстеме ақымен жалға берген жерлерін қайтарып алудың қамымен жүр. Халыққа тиесілі алқапты компания басшысы Виктор Богданец банкке кепілге қойып, несие алған. Жұрт оны сотқа беріп, жеңіп шықса да жерді заңды түрде меншіктеріне қайтару мүмкін болмай тұр.

Амангелді Ахметжанов, Жамантұз ауылының тұрғыны:

— Жеріміздің кеткенін осыдан екі жыл бұрын ғана білдік.Әлі түк бітіре алмай жүрміз. 3 рет сотта жеңдік, бірақ оны құлағына ілер жан болмай отыр. Ақиқат жоқ, әділдік жоқ. Соған қара халық түк істей алмайын деп тұр. Бізде халық үшін емес, біреу үшін істеледі.

3 ауылға 7 мың гектар егістік алқап тиесілі екен. Бұрнағы жылдары да «Богвидан» жарытып үлес ала алмаған олар енді бәрінен айрылдық деп отыр. Малмен жан бағатын ауыл тұрғындары өткен қыс жем-шөптен таршылық көрген.Тым болмаса, сол қажеттілікті қамтамасыз ету үшін биыл басқа компанияға жалынып егін сепкізіпті.

Жұртқа тиесілі егістік алқап салық қарызы үшін бұғатталғанына қарамастан, тұрғындар өтініші бойынша жергілікті серіктестік мыңдаған гектар жерге егін сеуіп тастаған. Бұрынғы «Богви»компаниясының банк алдындағы қарызы да әлі толық өтелген жоқ. Соған қарағанда, күздігүні астығымыздан айырылып қалмаймыз ба деп те қауіптенеді олар.

Виктор Богданец халықтың жерін кепілге қойып, 2 миллиард теңге несие алған.Оны туыстарының есеп-шотына аударып, талан-таражға салыпты. Бір жыл шартты түрде сотталған оның мерзімі де аяқталып, тайраңдап жүр. Ал қарызы сол күйі шаш-етектен.


Бауыржан Шәйкенов, Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кіріс департаменті басшысының орынбасары:

-Бүгінгі күні «Богвидің» 13 бөлімшесі бойынша салық қарызын өндіру ісі қолға алынды. 424 миллион қарызы бар. Мүліктері бұғатталды. Ол мүлік банктерде де кепілдікте тұр. Сондықтан бұл процесс өте күрделі жүруде.

«Богви» өткен 20 жылда Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарында 350 мың гектар жерге егін сеуіп келген. Қазір сол Қызылжар өңіріндегі тұрғындар да дәл осындай қиындықты бастан кешіріп отыр.