Ақмола облысындағы ақ түтек боранда адам жоғалып кетті
Ақмола облысындағы ақ түтек боранда адам жоғалып кетті. Қызылсая ауылының 67 жастағы тұрғыны жалғыз сиырын іздеуге шығып, сол күйі оралмаған. Малы сол күні кешке өзі қайтып келгенімен, қожайыны ұшты-күйлі жоқ. Хабар жетісімен із кесуге кіріскен полицияға ауыл тұрғындары көмекке келді. Олар тайлы-тұяғы қалмай шығып, елді мекен сыртындағы орманды да кезіп іздеп жатыр. |
Қызылсая ауылынан екі күннен бері маза кеткен. Барлығы жабылып, Өміржан ақсақалды іздеп жүр. Алғашқы қалың түскен қар соңы алай-дүлей боранға ұласып, тек бүгін басылды.
Эрна Шмидт, Ө.Қанапьяновтың әйелі:
-Сиыр іздеймін деп боран соғып тұрды. Содан жоқтан жоқ. Көршілер келді фонарикпен бүкіл ағашты бәрін аралап қарап іздеп. Қараңғы түсіп кетті. Не свет жоқ, не связь жоқ, до самого утра ешқайда айта алмадық.
67 жастағы Өміржан Қанапьянов бір көзден әлдеқашан айрылған екен. Соңғы кезде жүрегі қысылып, сіңірі тартылып қалатын дейді әйелі. Соған қарамастан, малмен жан баққан ауыл тұрғыны боранда жалғыз сиырынан айрылып қалармын деп үйден шығып кеткен. Иесі шығып кетісімен қызыл сиыры үйіне өзі қайтып келіпті. Ал ақсақал жоқ.
Бақытжан Әукәрова, Қызылсая ауылдық аймағының әкімі:
-Кешкі 8-ге дейін іздедік. 4 трактор, 5 атпен. Ол кісінің алысқа кетуі мүмкін емес. Ауа райының қолайсыздығынан солай болып тұр. Денсаулығы жоқ, зейнеткер.
Оны іздеуге шыққан жұрт қазір үй жанындағы құдыққа дейін түсіп қараған. Омпа қарды таяқпен түрткілеп әр қадам сайын қарап қояды. Қазір көрші ауылдардан да көмекке адамдар қосылып жатыр. Полиция да екі күннен бері осында. Иісшіл иттерін де алып шыққан.
Бір күнде түскен белуардан келетін қарда жүріп тұру қиын болса да, ауыл тұрғындары ауылдасын шарқ ұрып іздеп жүр. Тіпті көріпкелдердің көмегіне жүгініп, солардың айтуынша, да із кесуде. Бірақ әзірге нәтиже жоқ.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін