Жарияланды: 460

АҚШ-тың Эксимбанкі Қазақстанмен екі арадағы ынтымақтастық аясын кеңейтуге мүдделі

АҚШ-тың Эксимбанкі Қазақстанмен екі арадағы ынтымақтастық аясын кеңейтуге, республикаға осы ел инвестициясын тартуға мүдделі. 10-қазанда Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Қанат Саудабаевпен кездесуде Эксимбанктің директорлар кеңесінің төрағасы әрі президенті Филип Меррилл осындай мәлімдеме жасады. Бұл туралы KZ-today тілшісіне Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Кездесу барысында тараптар аз өсіммен несие тарату және экспортқа кепілдеме беру арқылы АҚШ-тың басқа елдермен сауда-экономикалық ынтымақтастық аясын кеңейту жұмысымен айналысушы Федералдық орган болып табылатын АҚШ Эксимбанкі мен Қазақстан арасындағы қазіргі ынтымақтастық ахуалы мен келешек байланыстар туралы ой бөлісті. Қ.Саудабаев Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму перспективасы мен қазіргі ахуалы туралы, сондай-ақ, 2015-жылға дейін есептелген индустриялық-инновациялық даму стратегиясына сәйкес мүмкіндік туындап отырған шикізат секторынан басқа да шетелдік инвестиция салатын жаңа салалар туралы ақпаратпен бөлісті. Кездесуде көлік және инфрақұрылымды, жаңа технологияларды дамытуға арналған жобалар Эксимбанк үшін тартымды екені атап көрсетілді. "Біз Қазақстанмен екі арада етене жақын ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз және республикадағы тұрақты экономикалық дамуға атсалысып, ел экономикасын диверсификациялауға американдық компаниялардың инвестициясын көбірек тартуға түрткі болғымыз келеді ",- деді Ф.Меррилл. Кездесу нәтижесінде таяу уақыттарда АҚШ Эксимбанкі төрағасының Қазақстанға сапарын ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл АҚШ-тың аталмыш мекемесі басшысының елімізге жасайтын тұңғыш сапары болмақ. Ф.Меррилл бұл сапар Қазақстан экономикасының келешегі бар салаларына американдық компаниялардың салмақты жобалармен келуіне септігін тигізеді дегенге үміт білдірді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін