Айкүн Оразәлиева баласын соңғы рет өткен күзде көрген. Бірақ арада 5 ай дегенде ұлы табытпен оралып отыр. Ақтаудағы 257/44 әскери бөлімінде келісім-шартпен қызмет етіп жүрген ұлы, 23 жастағы Қайырбек Оразәлиев әріптесі Александр Сафроновпен бірге жалға тұрып жатқан пәтерінде 2 мамыр күні өлтірілген. Қаскөй оларды алдымен пышақтап, кейін үймен қоса өртеп жіберіпті.
Көпке бармай полиция күдітіні қолға түсірген. Сөйтсе, қос сарбазды айуандықпен өлтірген 23 жастағы Айтжан Донаев есімді әріптестері екен. Кінәсін де бірден мойындағанымен, қолын бұлайша қанға бояу себебін ашық айтпапты. Алайда, тергеушілерге марқұм Қайырбек Оразәлиевтің анасы сенбеді. Айтуынша, тіпті офицерлерінің өзі әлімжеттікке бейім әскери бөлімде, ұлын ақша үшін өлтірген.
Айкүн Оразалиева, Қайырбек Оразалиевтің анасы:
-Офицерлер оларда әрдайым ақша бопсалайтын. Біз де ақша жіберетінбіз сол үшін. Білмеймін нақты кімнің өлтіргенін. Бірақ бұл жерде командирлердің де қатысы бар. Тіпті соңғы айда ақша көп сұрап кетті ұлым. Екі мәрте карточкасын да жоғалтып алдым деді.
Қаралы ананың айтқан бұл уәжін бөлімше басшылары жоққа шығарып отыр. Дегенмен мән-жайды анықтау үшін ішкі тексерістің басталғанын жеткізді.
Сейілжан Бекмұратов, №25744 әскери бөлімінің командирі:
-Тексеру жүргізіп, істің анық-қанығын өзіміз де анықтап жатырмыз. Егер біздің қызметркерлердің қатысы болса, ешкімді де жазасыз қалдырмаймыз.
Ал екі сарбаздың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалып, күдікті тергеу изоляторына тоғытылды. Бірақ Айкүн Оразәлиева полицияға да сенімсіздікпен қарап отыр. Сондықтан бұл іске әскери прокуратураның араласуын талап етіп, шағым түсірмек ниетте.