Жарияланды: 890

Ақтөбе: 80 жыл бұрын “халық жауы” болған 22 азамат ақталды

Ақтөбеде осыдан 80 жыл бұрын “халық жауы” деп айыпталған жиырма екі азаматтың есімдері ақталды! Олар кезінде Кеңес үкіметіне қарсы насихат жүргізді деген айыппен бір түн ішінде жер аударылып, түрмеге жабылған. Солақай саясаттың салдарынан жазықсыз жапа шеккен әкелерінің ақталуын күтіп жүргендер Ақтөбе өңірінде әлі де жетерлік. Бірақ оған құжаттардың мұрағаттарда сақталмауы кедергі болып отыр.

Көз ашқалы бері «халық жауының баласы» атанған Жанша ақсақал жақында әкесінің ақталғандығы туралы хабарды естігенде сенер-сенбесін білмей,абдырап қалыпты. Осы уақытқа дейін ол әкесі Тәжінің кінәсіз екендігін дәлелдеймін деп, талай табалдырықты тоздырғанын айтады. 

Жанша Тәжин, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

-  Қыншылықта өскен адаммын, не істерімді білмей қалдым...  жазықсыз кеткен екен ғой, әкем... біз босқа жетім қалған екенбіз ғой ...  әкеміздің орынсыз сотталғандығы қиын екен деп қиналдым.

Жанша Тәжиннің әкесімен бірге бір түнде оның жиырма бір ауылдасы Свердловскіге жер аударылып, абақтыға жабылған. Олардың төртеуі бірден ату жазасына кесіліпті. Сол кездегі ресми мәліметтерге қарағанда оларға тағылған айып: Кеңес үкіметіне қарсы шығып, ауыл тұрғындарын өзге аймаққа үдере көшуге үндеген. Ақтөбе облысында жалпы 7 мыңға тарта адам қуғын-сүргін құрбаны болған. Олардың көпшілігі әлі күнге дейін ақталған жоқ. «Бұған құжаттардың мұрағаттардан табылмауы кедергі болып отыр»  - дейді прокурорлар.

Рахымжан Жұмағұлов, Ақтөбе облысы прокурорының көмекшісі:

- Кейбір азаматтардың құжаттарын табу қиын болып тұр.Бұл жөнінде арыздар өте көп түседі. Жылына 150-200-ге дейін арыздар қараймыз.

Солақай саясаттың құрбандары еліміздің әр түкпірінен табылады. Бүгінде көпшілігінің сүйектерінің қай жерде қалғаны да белгісіз.

Ақтөбе қаласының іргесінде«Түйе төбе» деген қыр бар. 1930-40  жылдардың аралығында дәл сол жерде  мың жарым адам ату жазасына кесілген. Олардың кім екендігі әлі толық зерттелмеген. Сондықтан құқық қорғау органдарының  өкілдері ақталатындардың саны әлі де көп екендігін  айтады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть