Оқиға түні Эмиль Кенжесариев осы караоке-барда көңіл көтеріп отырыпты. Тергеушілердің айтуынша, белгілі аяқдопшы тентек суға сылқия тойып алып, өлең айтып, би де билеген екен. Түрлі тамаққа молынан тапсырыс берген. Соңынан ақшасы жетпеген клиентті мейрамхана күзетшісі желкелеп жекпе-жекке шығарыпты.
Ермек Болтаев, Алматы қаласы ІІД баспасөз хатшысы:
— Оның сөзі бойынша, Кенжесариев ақша төлегісі келмеген соң арамызда бір-бірімізге деген наразылық пайда болды. Соның нәтижесінде ол маған жаман сөздер айта бастады. Содан кейін мен оны екі рет итеріп жібердім, ол екі рет құлады.
Оқиға күні Эмильдің қасында оның спортшы-достары да болыпты. Бір топ жігіт Алматы қаласының орталығындағы осы караоке-барда көңіл көтеріп отырған. Күзетші мен аяқ-допшының арасындағы ерегісті оның достары да көрген. Бірақ, неге екені белгісіз оқиғадан соң Эмильді спортшы достары жалғыз өзін осы караоке-барда қалдырып кетіпті.
Қазір 20 жастағы күзетші Кенжесариевті ұрып соқты деген күдікпен қамауға алынған. Мейрамхана иесінен сұрап білгеніміздей, футболшыға жұдырығын ала жүгірген «SAT секьюрити» күзет агенттігінің қызметкері екен. Эмильдің сол түні ішімдік ішкенін мейрамхана иесі де растап отыр. Оның ерсі қылығын мұндағылар таспаға жазып алыпты.
Жәнібек Тәттібаев, мейрамхана иесі:
— Яғни, арақ ішті ғой? Ия Неге тапсырыс берді, вино, коньяк, сыра? Виски. Жазғы алаңқайда отырды. 4 адам. Мас боп жүргені байқалады, әр столға келіп, дәм тәттіғызып жүрді. Бір столға келіп ерегіскен.
Жалғыз қалған Эмиль даяшылардан өзіне такси шақыртуды сұрапты. Тергеушілер сол такси жүргізушісін де тапқан. Алайда, аяқ допшыны кім өлімші етіп сабағанын ол да айта алмады.
Ермек Болтаев, Алматы қаласы ІІД баспасөз хатшысы:
— Мен түсіріп кеттім дейді. Одан кейін қалай болғанын білмеймін дейді. Мүмкін сол караоке бардың күзетшісі Кенжесариевтің артынан барып тағы соққыға жықты ма, әлде Кенжесариевті басқа біреулер келіп ұрды ма?!
Эмиль Кенжесариев – «Ақтөбе» футбол клубының үздігі. Қырғызстаннан кетіп, 2009-да Қазақстан азаматтығын алған. Белгілі аяқдопшы осыдан бірнеше күн бұрын көшеде ес-түссіз жатқан жерінен табылған еді. Бағалы сағаты мен ақша толы сөмкесін соққыға жыққан бұзақылар тиіспеген. Қазір Эмильдің өзі ауруханада жатыр. Сөйлей алатын жағдайға жетсе, тергеушілер істің ақ-қарасын енді өзінен сұрап білмек.