Әйтеке би ауданында тұратын Рақымовтар отбасы жарты жылдан бері ішер асқа жарымай отыр. Үйді асырап отырған адам жұмысқа жарамай қалған. Былтыр қыркүйекте оны мал жайып жүрген жерінен ауылдасы атып кетіпті. Көршісі "ұрлық жасадың" деп айыптап, қару кезенген.
Жәнібек Рақымов:
-Киіз "ұрладың" деп атып отыр. Мен не істеймін оның киізін. Есімді жиғанда менің үстімде күртеше Резеңке оқпен атқан шығар деп ойладым. Оқтан қол аяғым тартылып қалды. Ал өзі қашып кетіп отыр.
Жәнібекке сол күні операция жасалып, денесінен 13 бытыра алынған. Қалған он оқты алуға дәрігерлер жүрексініп отыр. Қазір қол-аяғы күнен-күнге жансызданып барады. Ал тәртіп сақшылары болса қару кезенген Мәлік Жұбаназаровты әкімшілік жазаға тартып, қоя берген. Оның өзімен кездесу мүмкін болмады. Ал жұбайы күйеуінің қорғанғанын айтып, ақталып отыр.
Шолпан Жұбаназарова, М.Жұбаназаровтың жұбайы:
-Менің күйеуім ататын болса оның басынан атар еді. Ұры ғой ол. Бізге бір жыл бойы тыныштық берген жоқ.
Жәнібек атқан адамның «дөкей көкелерінің» арқасында жазадан жеңіл құтылғанын айтады. Себебі Мәлік Жұбаназаров бірден полицияға немесе жедел- жәрдемге емес, мәслихаттағы депутат ағасына хабарласыпты. Қансырап жатқан малшыны ауруханаға жеткізген сол екен.
Сержан Жалғасбаев, Әйтеке би аудандық Мәслихатының депутаты:
-Мен бұл ауылда барлығын анда-мына тасып көмек беремін. Сондықтан бірінші маған хабарласқан болар. Ауылдастарымның қуанышын да қайғысын да бөлісуге әзірмін.
-Бұл оқиғаға қатысты қандайда бір мәлімдеме жасаудан ішкі істер департаменті бас тартып отыр. Ал әкімшілік сот оқ атқан Мәлік Жұбаназаровты не бары 12 күнге абақтыға қамапты. Оны ауылдастары жақтап шыққан. Көбісі жәбірленушінің ұры екенін, тіпті жарақат алғаны "сабақ болды" деп отыр. Әйтсе де Жәнібек Рақымов сот шешімімен келіспей, банктен несие алып екі бірдей адвокат жалдады. Енді апелляциялық сотқа арызданбақшы.