Жарияланды: 640

Ақтөбе облысында тозығы жеткен тұрғын үйлерге санақ жүргізіле бастады

Ақтөбе қалалық әкімшілігі коммуналдық шаруашылығы басқармасы облыс орталығындағы тозығы жеткен тұрғын үйлерге санақ жүргізе бастады. Осындай санақ жүргізу туралы шешім өткен демалыс күндерінде қаладағы көп қабатты тұрғын үйлердің бірінде балконның құлауы салдарынан екі әйелдің қаза табуына байланысты

қабылданып отыр. Қалалық әкімшіліктің коммуналдық шаруашылығы басқармасының тұрғын үй қорын пайдалану жөніндегі бөлімінің төрайымы Балқия Қожахметованың айтуынша, әбден тозығы жетіп адамдар өміріне қауіп төндіре бастаған үйлер Ақтөбеде жетіп артылады. Олардың кейбіреуінде үйдің жертөлесіндегі жоғары ылғалдылықтың кесірінен тұрғын үйлердің фундаменті отыра бастаған. Осындай жағдай Алтынсарин көшесіндегі 31-үйде қалыптасып отыр. Үйдің жағдайын електен өткізген коммуналдық шаруашылық басқармасы қызметкерлерінің қорытындысына жүгінсек, аталмыш үйдің қабаттары кез-келген уақытта опырылып, қабырғалары кез-келген уақытта үгітіліп қалуы мүмкін. Әбілхайыр хан атындағы көшеде орналасқан 57 "а" үйдің де жағдайы оңып тұрған жоқ. Осындай ахуалға байланысты қалалық әкімшіліктің коммуналдық шаруашылық басқармасына апатты жағдайдағы тұрғын үйлерде тұратындардан ай сайын 30-ға жуық ұжымдық арыз-шағым келіп түседі. Өткен жылғы есеп бойынша, Ақтөбедегі тұрғын үй қорын күрделі жөндеуден өткізу үшін 240 млн. , ал көп қабатты тұғын үйлердегі шұғыл шараларға 25 млн. теңге қажет. Алайда, Б.Қожахметованың айтуынша, биылғы бюджетте тозығы жеткен тұрғын үйлерді жөндеуге қаржы қарастырылмаған. Санақ жұмыстары аяқталғаннан кейін, коммуналдық шаруашылық басқармасы қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында қажетті қаржыны бөлу туралы мәселе көтермекші.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть