Ақтөбеде 12 жылдықтың алғашқы түлектері Білім министрінен жеңілдік сұрады - kaz.caravan.kz
  • $ 477.48
  • 555.83
+25 °C
Алматы
2026 Жыл
27 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ақтөбеде 12 жылдықтың алғашқы түлектері Білім министрінен жеңілдік сұрады

Ақтөбеде 12 жылдықтың алғашқы түлектері Білім министрінен жеңілдік сұрады

Жарты жолда тоқтап қалған он екі жылдық білім беру жүйесінің алғашқы түлектері биыл мектеп бітіреді. Сынаққа ілігіп қатарластарынан бір жыл артық оқыған олар шенеуніктердің шешімін түсінбей әлек. Себебі, мемлекеттік емтиханды қалай тапсырып, қолдарына қандай аттестат берілетінін әлі ешкім ашып айтпаған. Ең қызығы, аймақтағы білім саласына жауапты басқарма өкілдері де осы мәселеге қатысты тұщымды жауап бере алмай отыр.

  • 31 Қаңтар 2015
  • 351
Фото - Caravan.kz

Ақтөбедегі №24 мектеп-гимназияның оқушысы Алмат Бердоңғаров Білім және ғылым министрлігінің осыдан 12 жыл бұрын қолға алған сынағына алғашқылардың бірі болып ілікті. Енді қатарластары студент атанғанда, ол әлі партада отыр. Көкейінде бір жылым текке кетті ме деген күдігі басым.

Алмат Бердоңғаров, 12 сынып оқушысы:

-12 жылдық оқып тұрып 11-дің аттестатын алу сәл ауыр тиеді. Біз босқа оқыған сияқты болып есептелеміз. Жеңілдік болса өте жақсы болып кетер еді. Әрбір сынақтың өзінің нәтижесі болады. Соның нәтижесі біз бола тұра пайдасын көрсек жақсы болар еді.

Бір Ақтөбе облысының өзінде жүзден астам оқушы он екі жылдық білім беру жүйесі бойынша сынаққа алынған. Олардың 23-і биыл мектеп бітіреді. Қатарластарынан бір жыл артық білім алғандардың алдағы жайын әзірге ешкім ашып айта алмай отыр.

Гүлжан Құлыбекова, Ақтөбе облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:  

-Енді бұл оқушыларға жалпы орта мектепті бітіргендігі туралы аттестат беріледі. Ол аттестаттың ерекшелігі туралы әрине жоғарғы органдар құзіретінде деп есептейміз. Бірақ кішкене де болса ерекшелігі болады деп үміттеніп отырмыз. Қазір нақты бекітілген ешқандай құжат жоқ.

Мұғалімдер Білім және ғылым министрлігіне 12 сынып бітіретін оқушыларға қатысты өз ұсыныстарын жолдапты. Онда жоғары оқу орындарына түскенде жеңілдік жасау жайы баса айтылған екен. Ал ҰБТ-дан 12 сынып оқушыларының сүрінбей өтетініне ұстаздары сенімді. Себебі, арты дауға айналған жүйенің білім сапасына тигізер пайдасы зор деп отыр.


Мағрипа Жантөре, №24 мектеп-гимназия директорының орынбасары:

-Тағы да бір жақсы жағы бұның білім сапасы. Біз төменгі сыныптан бастап бақылап келе жатырмыз. Бақыланушы сыныппен  салыстырғанда бұлардың білім сапасы жоғары болып келеді.

Мұғалімдерге ұнаған осы он екі жылдық білім беру жүйесінің жақында қайта қолға алынуы екі талай. Білім министрінің өзі қаржылық қиындықты алға тартып жобаның уақытша жабылғанын жариялаған еді. Дегенмен, олар сынақ бойынша 12 сынып бітіретіндердің жайын әлі ойластырып жатқан сияқты. Себебі, білім министрлігіндегілер осы мәселеге қатысты жолдаған сұрауымызды да жауапсыз қалдырып отыр.