Ақтөбеде алтыншы қабаттан құлаған бала аман қалды - kaz.caravan.kz
  • $ 472.48
  • 550.06
+20 °C
Алматы
2026 Жыл
26 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ақтөбеде алтыншы қабаттан құлаған бала  аман қалды

Ақтөбеде алтыншы қабаттан құлаған бала аман қалды

Ақтөбеде алтыншы қабаттан құлаған бала аман қалды. Он жастағы Асатбек Жолмырзаев терезе жақтауынан тайып кеткен. Жерге түскен бойда жүгіріп кеткен балаға дәрігерлер таң қалып отыр. Себебі соншама биіктен құлдилаған оның еш жері зақымданбаған. Дегенмен, періштесі қаққан оқушыны бақылауларына алыпты.

  • 6 Наурыз 2015
  • 340
Фото - Caravan.kz

Он жасар Асатбек алтыншы қабаттан құлап дін аман қалған. Одан тіпті дәрігердің өзі бірінші жағдайын емес, қалай биіктен құлдилап түскенін сұрайды екен.

Асатбек Жолмырзаев, оқушы:

-Міне, мына жерге тұрып едім ғой қарап. Аяғым тайып кетіп құлап кеттім. Жарты жолға келгенде тайып құладым.

Бұл оқиғадан соң Асатбектің әкесі терезе жақтауына темір тор орнатамын деп отыр. Сол күні оның әйелі баласын санаулы уақытқа үйге жалғыз тастап кеткен. Артынша жұмыстан әкесі Әлібек оралуы керек еді. Шыдамаған бала терезе жақтауына шығып әкесінің жолын қарамақ болғанда тайып кетіпті.

Әлібек Аллабергенов, А.Жолмырзаевтың әкесі:

-Құдайға шүкір, балам аман. Садақа бар осыдан шықсам. Бір жандық дайындап қойдым құдай қаласа.

Дәрігерлердің айтуынша, биіктен құлағанда балалар ересектерге қарағанда саспайды екен. Денесін бос ұстағандықтан, жарақат алмаған  көрінеді.


Самат Көкшібаев, Ақтөбе облыстық балалар ауруханасының дәрігері:

-Бала биіктен құлаған кезде ересектер секілді аяқ қолын жинап, қарсылық таныта бермейді. Көп жағдайда не болғанын түсінбей еркін қалықтайды. Сондықтан балалар аман қалып жатады. Бірақ енді Асатбектің мүлдем жарақат алмауы ғажап жағдай.

Денесінде сызат жоқ Асатбек бәрібір нейрохирургтардың бақылауында. Тағы бір тексеру жүргізіп, үйіне шығарамыз деп отыр.