Арман Сұрағановтың туыстарында бес тәуліктен бері маза жоқ. Қызмет орнынан жоғалған жігітті олар мәйітханадан бастап, өзен-көлдердің жағасына дейін түгел шарлап іздепті. Бірақ сол күйі хабар жоқ. Амалы құрыған ағайын, түнгі кезекшіліктегі сарбазды біреулер ұрған деп отыр.
Орынбасар Алданазаров, А.Сұрағановтың ағасы:
— Оны енді жоғалғанда ұрып-соққан. Төбелес болған. Баланы сүйреп бара жатқанда есіктің жиегінде оның қан іздері қалған. Бұның барлығы өрескел жағдай болып тұр.
Қорғаныс басқармасындағылардың Сұрағановқа қатысты оқиғаны құпия сақтағандығына туыстары күмәнданып отыр. Себебі, әскери нысанға түнде кіруге басшылардың ғана рұқсаты бар. Сондай-ақ қарамағындағы адамның жоғалғандығына қарамастан оны іздеуге қолұшын бермепті.
Несібелі Жұмағалиева, апасы:
— Далада жоғалған жоқ қой. Жұмыс орнында, постта жоғалып тұр ғой. Таңертең келеді бастығы. Есік ашық тұр. Кірсе іште қан.
Арманның хабарсыз кеткеніне бес күн болса да әскери мекеменің жетекшілері туыстарына ештеңе айтпаған. Тіпті, кеңселеріне де жолатар емес.
Ақтөбе қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарма басшылары осы оқиғаға байланысты қандай да бір мәлімдеме жасаудан бас тартып отыр. Сержант Арман Сұрағановты қызмет орнында белгісіз біреулер ұрып-соғып, ана дуал арқылы алып кеткен деген болжам бар. Себебі иісшіл иттер сол жерге дейін із кесіп барған көрінеді.
Тәртіп сақшылары әскериге іздеу жариялағандарын айтады. Ал істің мән-жайын табылған соң анықтаймыз деп отыр.
Ардагер Уайдин, Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз хатшысы:
— Азамат табылғанан кейін сот-медициналық сараптама тағайындалатын болады. Оны ұрғаны, шын мәнінде сабағаны, болмаса қандай да бір мән-жайы сол кезде белгілі болады.
Арманның хабарсыз кетуіне байланысты Астанадан арнайы комиссия да жетіпті. Алғашқы күндері әскери мекеменің жұмысы екі күндей тоқтатылған. Бірақ ол кезде тұрғындарға «оқу-жаттығу жұмыстары жүріп жатыр» деп алдаусыратқан болатын.