Ақтөбеде ата-аналары бас тартып, екпе егілмей қалған жиырма бала туберкулезге шалдыққан - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+7 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ақтөбеде ата-аналары бас тартып, екпе егілмей қалған жиырма бала туберкулезге шалдыққан

Ақтөбеде ата-аналары бас тартып, екпе егілмей қалған жиырма бала туберкулезге шалдыққан

Ақтөбеде ата-аналары бас тартқан соң екпе салынбай қалған жиырма бала туберкулезге шалдығыпты. Бұл тек тіркелгендердің саны. Ауруға шалдыққандардың қатары әлдеқайда көп болуы мүмкін деген дәрігерлер енді имамдардан көмек сұрай бастады.

  • 27 Қаңтар 2017
  • 720
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Өйткені діни көзқарастарына байланысты балаларына екпе салдырудан үзілді-кесілді бас тартатындар көбіне мешіттерге жиналады, – дейді дәрігерлер.

Есімі Анар екенін айтқан келіншек бет-жүзін көрсетпеуді өтінді. Үш баланың анасы бес уақыт намаз оқып, Алла алдындағы парызымды өтеуге талпынған жандардың бірімін дейді. Дін жолында жүрген әйел “баланың ағзасына дәрі жіберу шариғатқа қайшы” деген түсінікпен баласына екпе еккізуден бас тартқанын мойындайды.

“Басымызға туберкулез келіп, өзімнің қалай ауырғанымды да білмей қалдым. Өзім ауырғаннан кейін баламның біреуі ауырды. Кезінде дүниеге келген кезінде ешқандай дәрігерлердің айтқанын тыңдамай, екпе жасатпағандықтан осындай жағдайға түстім. Әлі өзім өкінемін”, – дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Анар.

Дәрігерлердің айтуынша, екпе егілмеген баланың иммунитеті әлсіз келеді. Сондықтан да олар кез келген ауруды тез қабылдайды.

“Егер де БЦЖ, туберкулезге қарсы вакцинациясынан бас тартқан балалар болса, сол үйде, бұрын үйдің маңайында я болмаса сол подъезде біреу туберкулезбен шалдыққан болатын болса, я болмаса ауру сатысында болса, яғни ол баланың туберкулезге шалдығуы әбден мүмкін. Неге десеңіз оған қарсы вакцинация алынбаған. Иммунитеті жоқ. Сол себептен біз осы мәселені күрделі деп қойып отырмыз”, – дейді Ақтөбе облыстық туберкулез диспансерінің бас дәрігері Ерлан Тәттімов.

Ал, Ақтөбеде соңғы жылдары балаларына екпе салдырудан бас тартатындардың саны азаймай отыр.

“Өкінішке орай біздің Ақтөбе облысында 2015 жылды аяқтаған кезде 2140 ата – ана өзінің балаларына екпе жасауға бас тартқан болса, қазіргі таңда 2016 жылдың қорытындысы бойынша 2480 бала тіркеліп отыр. Әрине динамикада өсім бар. Екпеден бас тартудың себебі, қазір бұл мына діни көзқарастарға байланысты. Көбінесе. 90 пайызы десек болады азамат- азаматшалардың көбі сол діни көзқарасқа байланысты екпеден бас тартып жүр”, – деп пікір білдірді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.


Бас тартушылар дәрігерлердің түсіндіруін елемегесін, Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы тіпті екпені арнайы заңмен міндеттеу керек, екпе алмаған балаларды бақша мен мектепке қабылдамау керек деген де ұсыныс айтқан. Өйткені, жұқпалы ауру – екпе алмаған адамға ғана емес, қоғамға да үлкен кесапат әкеледі. Ал дін қызметкерлері екпені діни түсінікпен байланыстырудың еш қажеті жоқ дейді.

“Жалпы екпенің ешқандай исламға қайшылығы жоқ деген пікірді ғалымдар алға тартады. Бұны ешқандай ислам мен діни түсінікпен байланыстырудың қажеті жоқ. Сондықтан бұл жерде насихат жұмыстарын дұрыс жүргізу керек”, – деді ҚМДБ Ақтөбе облысындағы өкіл имамы Төлеби Оспан.

Алдағы уақытта Ақтөбенің дәрігерлері екпе мәселесін имамдармен бірге түбегейлі шешуді ұсынып отыр. Айтуларынша, намазға, әсіресе жұмаға жиналатын көпшілікке имамдар екпе туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізсе, – дейді.

Соңғы жаңалықтар