Жарияланды: 490

Ақтөбеде ауған соғысының ардагері қаңылтырды «Қызыл жұлдыз» ордені деп тағып келген

Ақтөбе облысында ауған соғысының ардагерлері мемлекеттік награданы мазақ еткен майдандасының қылығына қарсы шықты. Себебі Роман Тасқымбаев «Қызыл жұлдыз» орденін заңсыз иемденіп алған көрінеді. Ал кейін тексере келе оның құр қаңылтыр екені анықталған. Кеңес одағы кезіндегі жоғары дәрежедегі мұндай марапатқа ие болғандар қатарында ол мүлдем жоқ екен. Енді ауған соғысы ардагерлері оның осы қылығы үшін өздерінен кешірім сұрауын талап етіп

отыр.

Осыдан екі жыл бұрын Мұғалжар ауданындағы ауған соғысының ардагерлері Роман Тасқымбаевтың «Қызыл жүлдыз» орденімен марапатталғанын естігенде қуанған еді. Бұрын мұндай награданы бұл өңірден ешкім омырауына тақпапты. Кейін оның жалған екенін естігенде, майдандастар одан түңіліп кеткен.

Баймұрат Нұрлыбаев, ауған соғысының ардагері:

- Республика аумағында кір келтіріп тұр. Соның ішінде біздің кішкентай қаламызды ұятқа қалдырып тұр. Өзімізше балаларды тәрбиелеп жатырмыз. Арамызда осындай жігіттер жүргенде, біздерден қандай тәрбие беру шығады?

Роман Тасқымбаев отыз жылдан соң орден қолыма тиді деп ең алдымен аудандық әкімдіктен сүйінші сұраған. Ондағылар жұрт алында құттықтап, жергілікті басылымдар да жарыса жазыпты.

Төлеулі Махымов, Мұғалжар аудандық әкімдігі аппаратының басшысы: 

- Біз енді ол марапатты бергеніміз жоқ. Ол қолында ұстап келді марапатты. Алып келгенен кейін еңбегің, көп жылдардағы болған сол ауған соғысына қатысқан сол кезде марапатталған еңбегіңнің жемісі болар деп біз өзіміздің жылы лебізімізді айтып, құтты болсын айтып солай жасадық.

Ауған соғысы ардагерлерінің кеңесі сұрау салғаннан кейін Ресейдің мемлекеттік мұрағатынан Роман Тасқымбаевтың «Қызыл жұлдызбен» марапатталмағаны туралы хат келген. Сөйтіп, жерлестерінің тағып жүргені жалған орден болып шығыпты.

Талайларды жалған атақпен алдаған интернационалист жауынгердің үстінен майдандастары тәртіп сақшыларына шағымданған. Ондағылар да орденді тексеріп, оның ешқандай маңызы жоқ құр қаңылтыр екенін анықтапты. Бірақ өтірік наградадан ешкім материалдық шығын көрмеген соң істі одан әрі тексеруді тоқтатқан.

Алғашқыда орденді болдым деп сүйіншілеген ардагердің өзі қазір Кеңес одағы кезіндегі жоғары марапатты иелендегенін айтып ақталады. Бірақ еш құны жоқ қаңылтырға неліктен құмар болғанын түсіндіріп бере алмады.

Роман Тасқымбаев, ауған соғысының ардагері: 

- Екінің бірі омырауына тағатын жұлдызға ұқсас жұлдыз ғой. Қызыл жұлдызекінің бірінің омырауында. Мен ойлаймын, ауған соғысы ардагерлерінің қоғамы ардагерлерге, мүгедектерге, жағдайы жоқ адамдарға жәрдем беру керек. Сол адамдардың артынан тексеріп, үйтіп жатыр, бүйтіп жатыр деп.  

Енді мұғалжарлық ардагерлер майдандастарынан жалған орденді өздеріне тапсыруды талап етіп отыр. Сондай-ақ, жалған марапат үшін ел алдында кешірім сұрасын дегенді айтады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін