Өрт 50-ге тарта адам паналап отырған мына жер үйдің шатырынан басталған.Төбедегі қою түтінді көргенде жұрт алғашында абдырап қалыпты. Өрт сөндірушілер келгенше тілсіз жауды өз қолдарымен сөндірмек те болады. Бірақ күш алған жалын бой бермей кеткен.
Жомарт Дүсімов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Жұмыстан келіп ұйықтап жаттым. Көрші ағайдың қызы келіп оятты үйдің төбесінен түтін шығып жатыр деп. Басында қолмен су шаштық өрт сөндірушілер келіп болмағасын. Қар лақтырдық. Бірақ лаулап жанған от күш бермеді.
Баспанасынан айырылған тұрғындар құтқарушыларға қатты өкпелі. Бірінің көлігі жолда қарға батып қалса, екіншісінде су болмапты. Олар «келем» дегенше үйдің төбесі опырылып, ортасына түскен.
-Бұл үйде 8 отбасы тұрып жатқан. Өрттен шаңырақтары енді күлге айналды. 50-ге тарта тұрғын болса туыстарының есігін жағалап тентіреп жүр.
Өрт шыққан кезде тұрғындар дүние-мүлкі тұрмақ, құжаттарын да алып шығуға үлгермеген. Барынан айырылған бұқара енді жергілікті билікке үміт артып отыр.
Шәмшәгүл Ахметшина, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Дүниесі құрсын, боқтың орны толар-ау. «Баспана жайы қиын болайын» деп тұр. Ең болмаса жер бере ме, үй бере ме әйтеуір. 8 отбасы далада тентіреп қалдық. Балалар енді әрқайсысы әр жерде жүр ғой.
Жергілікті әкімдіктегілер болса осы оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрған. Бірақ өрттің нақты неден шыққаны анықталмай, баспана мәселесінің жақын арада шешілуі қиын.
Бекболат Нұрашев, Ақтөбе қаласы әкімдігі аппаратының төтенше жағдайлар жөніндегі бөлім бастығы:
-Осы жұмысшы топ акт толтырғанан кейін барып комиссия әрмен қарай істі қозғайтын боламыз. Қандай көмек көрсетуге болады уақытша қосымша үй мысалы тұратын баспана тауып беру туралы. Осындай мәселені жедел қарастыруға тырысамыз.
Биліктегілер уәде бергенімен тұрғындардың әзірге туыстарының үйін жағалай тұруына тура келеді.