Жарияланды: 520

Ақтөбедегі қарттар үйіне ақыл-есі дұрыс емес адамдар жиі әкелініп жатыр

Ақтөбедегі қарттар үйі жындыханаға айналды. Осылай деп дабыл қаққан интернат қызметкерлері медициналық комиссияның ақыл-есі кем адамдарға жөнсіз жолдама беретіндіктеріне қарсы болып отыр. Себебі,  қазір психикалық ауытқушылыққа тап болғандар мұнда көбейіп кеткен. Ал комиссия мүшелері өздеріне шаң жуытар емес.

Сексенге жеткен бұл қарт интернат дәрігерлерінің бірнеше сағат бойы іздеген телефонын ышқырына тығып алыпты. Оны не үшін алып кеткенін өзі де білмейді. Осындай ақыл-есі кіресілі-шығасылы адамдар мұнда көп көрінеді.

Нұрлыбай Қошаманұлы, Ақтөбе облыстық қарттар мен мүгедектер интернат-үйі медицина бөлімінің меңгерушісі:

- Соңғы кезде біздің әкімшілік тарапынан белден басып, стандартқа сай емес, заңнан тыс адамдарды әкеліп тоғытуды қайтадан бастады. Яғни психикалық жүйкесінде ауытқушылығы бар азаматтар бізде жатуы тиіс емес. Сол адамдарды алып келіп осы қарттар үйіне тоғытуда.    

Бұлардың алаңдайтындай да жөні бар. Себебі, жақында ақыл-есі кем зейнеткер жанындағы кемпірді төсегінде өртеп жіберген көрінеді. Бұған дейін де тағы бір шизофрениямен ауыратын адам көршісін он сегіз жерден пышақтап өлтірген. Дегенмен, мекеме басшысы облыстық деңгейдегі комиссия шығарған шешімнен аттап кете алмаймын деп отыр.

Ермек Бейісқалиев, Ақтөбе облыстық қарттар мен мүгедектер интернат-үйінің директоры:

- Бүкіл дәрігерлік бақылаудан өтіп келіп тұрған жерде, сол жақтағы комиссия шешім беріп тұрған кезде, мына жақта да комиссия дұрыс оң шешім беріп тұрған кезде мен бізге, қарттар үйіне келгендерді қабылдамай тұра алмаймын.

Жолдамамен қарттар үйіне түскен адам он төрт күн бойы қосымша тексеруден өтуі керек екен. Егер денсаулығында кінәрат болса, сол уақыт ішінде құзырлы мекемелерге хабарласып, ем қолдануы керек. Арнайы медициналық комиссияның мүшелері қарттар үйінің психиатры осы нұсқауды орындаудан қашады дейді.

Сәния Мусиева, Ақтөбе облыстық психо-неврологиялық диспансерінің дәрігері:

- Қарттар үйіне түскен кезде жағдайы жақсы болып жатса біздер неге ол жаққа жібермеске? Психикалық ауытқулар болмаса, егер олар түскеннен кейін адаптационный период деген болады қарттар үйінде. Психикалық ауытқулар болса соның ішінде дәрігер сол оны бақылау керек, қарау керек. Сосын бізге жолдама жіберуі керек. 

Қазір қарттар үйінде 275 адам тұрады. Олардың жүзден астамы мүгедек. Араларындағы жиырма адамның сонда тұруына интернат дәрігерлері қарсы. Себебі, біреуі ВИЧ дертіне шалдыққан болса, қалғандарының ақыл-есі дұрыс емес, нашақор екен. Енді олардың жағдайына байланысты сараптама жүргізу үшін сот пен прокуратураға арызданып қойыпты. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін