Жарияланды: 1300

Ақтық сайыс алдында қазақ күресінің палуандары дайындықтарын пысықтады

Түйе палуанға 22 млн теңге! Тәуелсіз қазақ елінің тарихында бұрын соңды болмаған қомақты жүлде қазақ күресінен өтетін республикалық жарыстың жеңімпазына табысталмақ. 22-ші наурызда еліміз бойынша іріктеу басталып, әр облыстан жеңімпаздар таңдалған. КТК телеарнасының бас болуымен қолға алынған ұлттық, ауқымды шараға қатысам деушілердің санында есеп болмады. Бірақ тек оза шапқандары Алматыға ат басын тіреді.

Әңгіменің әлқиссасын әуелгідей әуелден шерту парыз. Қазақ күресінің өткенін де өңгеріп өту жөн. Өйткені түркі кезеңінде белдесу басталған. Атам қазақтың абыройын асқақтатқан да осы күрес. Түйе палуан деп ардақтап, ел мықтысын елейтін. Байтақ елдің қай жерінде ас берілсе белдікке қолы тиісімен түтіп жіберетін палуандар да сонда болған. Содан бері ғасырлар өтті. Сайтанның сабалағы шыдамайтын тепкіге тұрып берген қазақтың күресі де ұмыт бола бастады. Тәуелсіздік тигенде де түгенделмей жатты біраз. Алайда ұлттың ұлық жәдігері тот баспауға тиіс. Болат білекті, шомбал денелі палуандарды марқайтатын да осы.

Бейбіт Ыстыбаев, Қазақ күресінен әлем чемпионы:

-Елімізде қазақ күресі баяғыға қарағанда үлкен дәрежеде болып отыр. Қазақтың балалары қазақ күресіне күресіп бұрын адамдар көп күресе бермейтін, қазір көп күреседі.

Бәрін айтта бірін айт, бабадан қалған жәдігер жанданды. Спорт және туризм министрлігі ас пен тойда күресетін палуандарды жинап, ел бойынша іріктеді. 4 ай еліміздің түкпір-түкпірінде түйе палуандар кім мықтыны анықтады. Салмағы 74 келіден асса болды. Қарсыластың салмағы да маңызды емес, күш атасын танымайды. Ақыры 64 жігіт іріктелген.

Әділхан Сұлтанов, Қазақ күресінен спорт шебері:

-Іріктеудің өзі үлкен деңгейде өте ауыр өтті. Мақсат Алла нәсіп етсе Алтын белдеуді 1-ші жүлде алсақ деген ойдамыз.

Бас жүлде – 22 млн теңге. Палуанның білек сыбанғаны да осы қомақты олжаны қанжығаға басу. Сөгіп жатпас жат көз, тағы бір тілек бар іште. Қазақ күресінің жілігін шағып майын ішкен майталмандардың тілегі біреу.

Марат Жақыт, Қазақ күресінен ұлттық құраманың жаттықтырушысы:

-Моңғолияда елдің үлкен палуандары ең құрметті азаматы боп есептеледі. Ұлттық күресін басқа олимпиада жеңімпазынан жоғары ұстайды. Біздің елімізде солай болса екен, біздің елімізде де қазақ күресінің палуандары атақты болса екен.

Олимпиада деген дүрмек дүниені дүр сілкіндіреді. Сол деңгейге жетуді көксеу заңдылық. Бұл тілек те жалқы адамның көкірегінде тумады.

Садық Мұстафаев, Қызылорда облыстық туризм және спорт басқармасының бастығы:

-Бастамасы басталды, енді 10 жыл көлемінде неге біз олимпиадаға кірмеске деген ойым бар қазақ күресінен. Осындай талпыныспен осындай азаматтар қазақ күресін қолдаймыз дегенде олимпиадаға жеткіземіз деген адамдар қолдау тауып жатыр.

Қазақ күресін қаз-қалпы жеткізуге тырысқан ұйымдастырушылар белдесуде жауырыны жер иіскемеген палуандардың сайысын кезеңге бөлмейді. Жыққаны – жеңімпаз. Бір айдан соң соңғы сайыс Астанада өтпек. Белдескеннің белін талдырған палуандар өздерімен бірге қасқыр мен түлкі терілерін әкелген. Атам қазақтың ежелгі дағдысы бойынша өтетін жарыстың бір ерекшелігі де осы. Ұтқан палуан қарсыласы әкелген аң терісін қанжығасына байлайды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін