Облыстық прокуратураның хабарламасына қарағанда, Есік-Түрген кеніші аумағында 193 жер асты суы ұңғымасы бар. Оның 124-і өздігінен атқылап ағып жатса, қалған 69-ын жұртшылық су сорғы құралдарының көмегімен игілігіне жаратып отыр.
«Өздігінен ағып жатқан ұңғымалар өткен ғасырдың 70-ші, 80-ші жылдары бұрғыланған болатын. Қазір олар қараусыз қалған: айналасы қоршалмаған, бұлақ аумағына ит-құс емін-еркін кіріп-шығады», — делінген хабарламада.
Прокурорлар жерасты суларының дұрыс пайдаланылмауы «болашақта оның азаюына, сорлануына, сөйтіп, экологиялық апатқа әкеп соқтырады» деп дабыл қағуда.
Осыған байланысты прокуратура аудан әкімінің атына осы ұңғымаларды қорғау жөнінде кешенді шараларды қолға алу туралы өтініш берді.
Зерттелген ұңғымаларды қайта қалпына келтіру арқылы жыл сайын мемлекеттік «Ақ бұлақ» бағдарламасына жұмсалатын қаражаттың едәуір бөлігін үнемдеуге мүмкіндік береді, дейді қадағалау органы өкілдері.