Жарияланды: 510

«Астана декларациясы» шекаралық және стратегиялық мазмұнға ие - ШЫҰ-ның Бас хатшысы М.Иманәлиев

17 маусым күні Бейжіңде Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылуының 10 жылдығына арналған салтанатты қабылдау өтті.

Онда ШЫҰ Бас хатшысы Мұратбек Иманәлиев құттықтау сөз сөйледі. Қазақстан елордасында өткен Ұйымның мерейтойлық саммитіне тоқталған ол, саммиттің қорытындысы бойынша қабылданған «Астана декларациясын» Ұйымның маңызды жетістіктеріне жатқызды. М.Иманәлиевтің пікірінше, аталмыш құжат өткен онжылдықты қорытындылау және келешекке деген негізгі үміттерді анықтау тұрғысында, шекаралық және стратегиялық мазмұнға ие. ШЫҰ Бас хатшысының айтуынша, Ұйым 10 жылдың ішінде бейбітшілікті нығайту мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылдарды дамыту саласындағы көпжақты ынтымақтастықтың пәрменді тетігіне айналды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысында, лаңкестікке, сепаратизмге, есірткі трафигі мен басқа да ығыттарға қарсы күреске негізгі акцент жасалып отыр. ҚХР Сыртқы істер министрінің көмекшісі Чжан Чжицзюнь өз сөзінде, Шанхай ынтымақтастық ұйымының өткен 10 жылда қарқынды дамып, айтулы жетістіктерге қол жеткізе алғанын атап көрсетті. ШЫҰ аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қолдаудың және бірлесіп дамудың оңтайлы тетігін талдап жасады. Халықаралық сахнада белсенді әрекет етіп келеді. «Ұйым есірткінің заңсыз айналымымен, ұйымдасқан қылмыспен, лаңкестікпен белсенді күрес жүргізіп келеді. Өзара сенімге, теңдікке, мәдениеттерді өзара құрметтеуге және бірлесіп дамуға деген талпынысқа негізделген «Шанхай рухы» уақыт сынынан өтті және бүгінде мемлекетаралық қатынастарды реттеудің жалпыға ортақ нормасы бола алады», - деп түйіндеді өз сөзін қытай дипломаты. Салтанатты шараға Қытайда тіркелген дипломаттар, ШЫҰ елдерінің ғалымдары мен сарапшылары қатысты.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін