Казір беті бері қараған Анар Тәңірқұлова үйіне шығарылған. Бірақ күнде ауруханаға келіп, дәрігерге қаралуға мәжбүр. Ақ халаттылар кесілген ішектің арасын қайта жалғауға ерте екенін айтады. Сондықтан Анарға әлі бір айдай ішегі сыртқа шыққан күйде жүруге тура келеді.
Асан Жексембаев, жедел жәрдем ауруханасының хирургі:
— Операция жасалынды, ішектің тесілгені анықталды. Іштің жедел қабынуы—перитонит байқалды. Бір операцияда толық тазаланбағандықтан,екінші мәрте тағы жасалды.
Анар жанын сақтап қалған бұл емханаға жұқпалы аурулар ауруханасынан жеткізілген. Алғашқы азапқа толы күндері сонда өткенін айтады. Ішегі тесіліп,одан аққан іріңнен іші ісініп жатқанын дәрігерлер екі жұма бойы анықтай алмапты. Мұның себебін білмекүшін ауруханаға бүгін Анардың өзі келді.
Анар Тәңірқұлова:
— Қалай қарағансыз, қандай дәрігерсіздер?! Бас дәрігерлеріңізге дейін УЗИ-ді қарай алмайсыздар!
Дәрігерлер Анардың жағдайы шынымен де жұмбақ болғанын жасырмайды. Дертті өздері анықтауға шамалары келмегендіктен өзге ауруханадан мамандар шақырылған.
Анардың емдеуші дәрігері бұл жағдай бойынша қандай да түсініктеме беруден бас тартты. Ал аурухана басшысы болса, ол кезде ешкім де қол қусырып отырмағанын айтты.
Амангелді Жексембаев, Астана қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері:
— Өте күрделі жағдай болды. Егер бізге түсінікті болғанда, диагноз тез қойылар еді. Біз аурумен үздіксіз жұмыс істедік. Аурудың асқынып бара жатқанын білдік. Сондықтан қайта—қайта қосымша дәрігерлер шақырылды. Соның арқасында аурудың перитонит екені анықталды.
Жарымжан күйге түскен Анар қазір үйінде отыр. Университеттің 2-ші курсын аяқтап қалған ол қазір емтихандарына бара алмай жатқанына қынжылады.
Анар Тәңірқұлова дәрігерлерге ренжулі, бірақ «ешкімді сотқа бермеймін»деп отыр, бастысы – ауруханаларымызда өз ісіне салғырт қарайтын дәрігерлер болмаса екен деп тілейді. Бір айдан кейін Анарға тағы бір операция жасалмақ.