«Астана ЭКСПО-2017» компаниясының экс-басшысы Т.Ермегияевты үй қамауында ұстау мерзімі ұзартылды
![]() |
«Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ермегияевты үй қамақта ұстау мерзімі қараша айына дейін ұзартылған. |
Бұл туралы бүгін Сенатта журналистерге берген сұхбатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев мәлім етті.
«Оған үй қамауында ұстау мерзімі ұзартылды. Қазір іспен танысу процесі жүріп жатыр. Менің білуімше, мерзім қараша айына дейін ұзартылған», - деді агенттік төрағасының орынбасары.
Айта кетерлігі, қазіргі уақытта аталған іс бойынша 8-ден аса күдікті өздеріне тағылған айып негізіндегі іс материалдарымен танысып шыққан. Бұл олардың құқығының бірі.
«Сонымен бірге егер олар іспен танысу мерзімін қасақана созатын болса, онда белгілі бір кесте жасалады, бұл да прокуратураның келісімімен. Әрине, егер олар бұл мәселені әдейіге соза түсетін болса», - деп түсіндірді Алик Шпекбаев.
Естеріңізге сала кетейік, «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының бұрынғы басшысына ҚР ҚК-нің 176-бабының 4-бөлігіндегі «б» тармақшасымен қарастырылған ауыр қылмыстарды бірнеше рет қасақана жасады деген күдік келтірілген еді.
12 маусымда Астана қаласындағы №2 Алматы аудандық сотының шешімінен Талғат Ермегияев 2 айлық мерзімге үй қамауына алынған болатын. Ал бұған дейін үй қамауында ұстау мерзімі бірнеше рет ұзартылып келеді.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін