Жобаны Қазақ-дат-неміс бірлестігінен құрылған «KB Enterprises» компаниясы «Siemens» корпорациясымен бірігіп, 2013 жылы қолған алған. Жоба құны –150 млн евро. Басты инвестор – Нидерланды мемлекеті.
«Аталмыш станция күніне 100 МВт электр энергиясын өндіретін болады. Бұл – Орталық Азиядағы ең үлкен электр станциясы. Оның аумағы – 300 га. Жобаны осыдан үш жыл бұрын қолға алдық. Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин мен Малғаждар Тәткеева (Целиноград ауданының әкімі – ред.) қолдау көрсетті. Біздің компания бірнеше елдің серіктестігінен құралған. Офисіміз Германия мен Нидерланды да орналасқан. Біз «Siemens» компаниясымен эксклюзивті серіктестік орнаттық . Аталған компания техникалық жағына жауап береді. Ал америкалық «Honeywell» компаниясы панельдерге жауапты», — деді шара барысында «KB Interprises» компаниясының директоры Тайлан Караманли.
Сонымен қатар, аталған компанияның басшысы Астананың суығы жобаға еш кедергі келтірмейтіндігін баса айтты. Оның пікірінше, елорданың климаты КЭС-тағы құрылғылардың жақсы жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
«Біз жобаны 2017 жылы бітіруді жоспарлап отырмыз. Егер КЭС-ті уақытында қосып үлгермесек, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі ашылғанға дейін барлық жұмысты аяқтаймыз. Панельдерді ЭКСПО көрмесіне дейін құруға кепілдік береміз», — деп сендірді компания басшысы.+
Сонымен қатар, жоба аясында 500 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бұл орындарға қазақстандық мамандарды тарту көзделуде. «KB Interprises» компаниясының коммуникация жөніндегі директоры Виктория Караманлидің айтуынша, компания КЭС-та тұрақты еңбек ететін 50 маманды оқытуды жоспарлап отыр.