Жарияланды: 920

Астана күні Қазақстанның Туын салтанатты көтеру рәсімімен басталады

Бүгін, 4 шілде күні Президент Н.Назарбаевтың қатысуымен Мемлекеттік рәміздер алаңында Қазақстанның көк байрағын салтанатты көтеру рәсімі өтеді. Онымен Астана күнін атап өтуге арналған негізгі мерекелік іс-шаралар бастау алады.

Астана күніне арналған негізгі мерекелік шараларды еліміз туын көтеру рәсімімен бастау дәстүрге айналды. Қала күнін атап өту 1 шілдеде басталып кеткенімен, бүгіннен бастап қала тұрғындары мен қонақтарына арналған бағдарламалардың ауқымы кеңейді. Мәселен, 4 шілде күні Астанада және қала аумағындағы елді мекендерде барлығы 23 іс-шара өтеді. Солардың бірқатарына кеңірек тоқталып өтейік. Сағат 12.00-де Мемлекеттік рәміздер алаңында Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігінің символы - еліміздің көк байрағы салтанатты түрде көтерілгеннен кейін, Мемлекет басшысы - Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Н.Назарбаев дәстүрлі түрде әскери оқу орындары түлектеріне офицерлік погондар табыстайтын болады. Бұл Қарулы Күштер мемлекеттің басты құндылықтары - халық пен аумақ, конституциялық негіз бен егемендіктің қорғаушылары болған және бола береді дегенді білдіреді. Рәсімді Республикалық гвардияның, қорғаныс министрлігі мен ішкі істер министрлігі құрметті қарауыл ротасының салтанатты шеруі аяқтайды. Бұл уақытта Көктал, Ильинка және Өндіріс тұрғын кенттерінде «Астана шаттық» арнайы шығармашылық көлік керуеніне мінген Қазақстанның және Ресейдің эстрада жұлдыздары жергілікті тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлау үстінде болады. Концерт бағдарламасы фольклорлық ансамбль, цирк әртістері, халық әндері мен билері тәрізді делебе қоздырар бояуы қанық нөмірлерге толы болғандықтан шығармашылық көлік керуені қатысушылар үшін де, қонақтар үшін де қызықты саяхат болмақ. "Asia Park" сауда, ойын-сауық орталығының аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ашылады. 6 шілдеге дейін жалғасатын жәрмеңкеде ет, сүт өнімдерін, көкөністер мен жемістерді 15-20 пайыз төмен бағамен сатып алуға болады. Астанаға әкелінетін ауылшаруашылық өнімдерінің жалпы мөлшері - 500 тоннаға жуық. Сағат 11.00-де Тәуелсіздік сарайында «ASTANA MINING & METALLURGY-2011» (АММ) форумы басталады. Форум - Қазақстандағы тау-кен металлургия саласындағы жетекші кәсіпорындардың өкілдерімен ашық байланысқа түсетін, яғни олармен тау-кен металлургия кешені мәселелерін бірлесе талқылап және оларды шешу әдістерін анықтайтын, қазақстандық кәсіпорындармен тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін алаң. Форумға Қазақстан және шет елдердің мемлекеттік органдарының өкілдері, ірі өндірістік кәсіпорындардың жетекшілері, халықаралық инвесторлар, салалық қауымдастықтар, ғалымдар мен тау-кен металлургия саласының зерттеушілері қатысады. «АММ-2010»-ның І Конгресі 2010 жылы маусымда өтті және халықаралық өнеркәсіптік қауымдастықтың оң қабылдауына ие болды. Екі күн бойы әлемнің 17 елінен ат арылтып келген 650-ден аса қатысушылар металлургия саласының әлемдік тұрғыдағы даму мәселелері мен перспективаларын қаузады. Форумға қатысқан Елбасы Н.Назарбаев елді қарқынмен индустрияландыру бағдарламасын іске асыру ауқымында 2015 жылға қарай Қазақстанның кен-металлургиялық секторы шығаратын өнімнің көлемін екі есе ұлғайту міндетін алға қойған болатын. Бағдарлама болат шығаруды қазіргі 4 миллион тоннадан 10 миллион тоннаға дейін ұлғайтуды көздейді. Конгресте Қазақстанда металлургиялық сектордың мықты ғылыми-техникалық базасын негізге ала отырып, Шығыс Қазақстан облысында Металлургия орталығын құру туралы шешім қабылданды. Онымен бірге Президент, Қазақстанның алтын өндіру саласының кең перспективаларын атап өте келе: «Бізде 2015 жылға қарай 70 тоннадан астам алтын өндіруге шығуға және әлемдегі қазіргі таңда жақсы бағаға ие осы металлды ең ірі өндірушілердің біріне айналуға мүмкіндік бар» деген еді. Осы уақытта Достық және Тәуелсіздік көшелерінде велоспорт бойынша дәстүрлі турнир аясында бұқаралық веложарыс басталады. Кәсіби спортшылар, сонымен қатар әуесқойлар да қатысатын бірегей оқиғаға астананың әр тұрғыны мен қонағы куә бола алады. Веложарыстың үздік қатысушысы Астана кубогымен және бас жүлде велосипедпен марапатталады. Жарыс аясында лотереялық билеттер ойнатылады. Оның жеңімпазы «Астана» велокомандасы спортшыларының қолтаңбасы қойылған эпикировкаға ие болады. Астана күнін атап өту аясында бұған дейінгі күндері басталған Қазақстан Республикасы суретшілерінің сипозиумы, «Азия жаңғырығы» Халықаралық цирк өнерінің фестивалі, «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпелілер өркениетінің фестивалі жалғасуда. Сондай-ақ, 29 маусым күні басталған «Опералия - 2011» VI халықаралық музыкалық фестивалі қазақстандық өнер сүйер қауымды балет биін және опера әндерін әлемнің үздік орындаушыларымен қауыштыруды жалғастыруда. Бүгін сағат 18.00-де Президенттік мәдениет орталығында скрипкашы Арман Мырзағалиевтің (АҚШ) қатысуымен скрипка музыкасының концертін тамашалай аласыздар. Ал көне түркі әуендеріне қызығушылық ететін қауымды К. Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрына «Астана-Арқау» фестиваліне шақырамыз. 5 шілдеге дейін жалғасатын фестиваль барысында шамандық әндер, шаңқобызға арналған үздік өнер композициялары, көмекеймен айтылатын әндер, эпикалық және аспаптық композициялар, Орта Азия мен Қазақстан, Қап тауы мен Анадолы, Еділ бойы мен Сібір түркілерінің лирикалық әндері, алуан стильдегі және мазмұндағы әуендер орындалады. Биыл Астана күні мерекесінде қала тұрғындары мен қонақтары Ресейдің халық әртісі Сергей Безруковтың тағы бір туындысын тамашалайтын болады. Талантты әртіс былтыр Бейбiтшiлiк және келiсiм сарайында алғаш рет «Басбұзар» - музыкалық-поэтикалық қойылымын көпшілік назарына ұсынған болатын. Режиссерлік қырынан таныла бастаған әртіс биыл орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкиннің өмірі мен өлімі туралы кино-қойылымды дүниеге әкелді. Аталмыш қойылымның тұсаукесері маусымның 4-і күні «Михайлов» мұражай-қорығында өткен болатын. Қойылымға Сергей Безруковтың әкесі Виталий Безруковтың "И жизнь, и слезы, и любовь" пьесасы арқау болған. Онда Александр Пушкиннің өмірінің маңызды кезеңдері қамтылады. Қойылымдағы қызықты сәттер, атап айтсақ, Пушкиннің Михайловскіге алғаш келуі, Геккерн мен Дантестің диалогы, ақынның Наталья Гончаровамен некелесуі, Пушкиннің әкесімен әңгімесі бейнекөрініс форматында түсіріледі. Қойылым барысында бейнекөріністер экранда үлкейтіліп көрсетіледі. Бүгін Конгресс-Холл сарайында (басталуы - 19.00-де) кино-қойылымның соңғы көрсетілімі болады. Астана күні мерекесіне орай биге құмар жастар үшін «Қайырлы кеш, Астана!» бұқаралық сауығы ұйымдастырылады. Мерекелік «Astana Never Sleeps!» би кеші үшін қаладағы бірнеше ауданда, атап айтқанда «Бәйтерек» монументінің маңындағы алаңда, ескі орталық алаңда және «Студенттер» саябағында би алаңдары орналастырылады. Би кешіндегі ең қызықты да әсерлі шара «Отты шоу» болады деп көзделіп отыр. Онда шебер бишілер от пен жарықты үйлестіре отырып, әсем де әсерлі қимыл-қарекеттерді көрсетеді. Астана күні мерекесін атап өту аясында биыл кезекті рет Есіл өзенінің үстінде (басталуы - 21.00-де) «Әуен - ағыс» классикалық музыка және балет кеші өтеді. Есіл жағалауындағы аспаптық музыка кештері алғаш рет 2008 жылы, Астана қаласының 10 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. Қалалықтар мен елорда қонақтарының көңілінен шыққан кеш дәстүрге айналды. 4-6 шілде күндері аралығында өтетін биылғы концерттің бағдарламасын Сергей Прокофьевтің қойылымындағы У.Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» балеті ашатын болады. Айта кетейік, балеттің тұсауы алғаш рет 1938 жылы Брно қаласында (Чехословакия) кесілді, одан кейін ол әлем елдерінің ықыласына бөленді. «Ромео мен Джульеттаның» Астана қаласындағы ерекшелігі - балеттің алғаш рет қалқымалы көпір үстінде қойылуы. Сол себепті бишілерге екі есе күш-жігер салуларына тура келеді. Кеш аяқталған соң сағат 23:30-да Астананың туған күні құрметіне мерекелік отшашу болады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін