Шеруге санаулы минуттар қалғанда «Қазақ елі» монументі алдында қызу қарбалас. Елбасы мінетін көлік қайта-қайта сүртіліп жатыр. Парадқа келушілердің көп болғаны соншалық, адамдар тіпті көпқабатты үйдің балконына шығып алған. Шетелдік елшіліктердің әскери атташелері де, қазақ армиясының қуатын бақылауға арнайы келіпті. Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы болса өзін көп күттірген жоқ. Қорғаныс министрі Серік Ахметов шеруді бастау туралы бұйрық алған соң, Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты сапты аралап шықты.
Шеруді бірінші болып Сағадат Нұрмағамбетов атындағы мектептің курсанттары бастады. Оның ізін Қорғаныс, Ішкі Істер, Төтенше жағдай, Шекара қызметі, Ұлттық гвардия мен жаңадан құрылған мемлекеттік Күзет қызметінен сайдың тасындай іріктеліп алынған сарбаздар жалғастырып әкетті. Әсіресе көптің назарын қыздардан жасақталған рота ерекше аударды.
Осыдан соң гүрілдеген техниканың даусынан құлақ тұнды. Себебі бұл сәтте алаңға танктер шыққан болатын. Кейін әскери техниканың сан түрі көрсетілді. Олардың арасында отандық зауыттарда құрастырылғандары бар. Ал көптің қызығушылығын туғызған авиация шоуы еді. Бұл күні Астана аспанында 75-тен астам ұшақ пен тікұшақ еркін қалықтады.
Әуе шоуының соңында, ұшқыштар әуеде «Бәйтерек» монументі мен бәйшешек гүлін бейнеледі. Ал соңы отшашумен аяқталды.
Шеруді жіті бақылаған Нұрсұлтан Назарбаев Қарулы күштердің әзірлігіне жоғары баға берді. Өйткені парадқа қатысқан 2 жарым мыңнан астам сарбаз, 250 техника мен 75 ұшақ қазақ армиясының қуатын дәлелдеп бергендей. Мұны президент те ерекше атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Бүгінгі күні қасиетті жеріміз көкте де, суда да сенімді қорғалған. Ел армиясының бес қаруы сай. Әскери шеру осының дәлелі. Әскери доктринамыз бейбітшілік жағдайды қорғауға бағытталған. Көрші елдердің барлығымен достық қарым қатынастамыз. Шекарамызды шегендеп бекітіп алдық. Әскерилер мемлекеттік тұтастығын тыныштығын қауіпсізідігін сақтай алады.
Сөйтіп еліміздің әр аймағынан келіп, жарты жыл Астанада өмір сүрген сарбаздардың иығынан бүгін ауыр жүк түскендей болды. Ал көпшіліктің таңдайын қақтырған шену тура 1 сағатқа созылды. Ол аяқталған соң жұрт ұзаққа дейін тарқамай, тіпті Елбасы мінген көліктің жанында жаппай суретке түсті.
-Осылайша шеру өз деңгейінде өтті. Ешқандай оқыс жағдай орын алған жоқ. Оның болуы да мүмкін емес еді. Өйткені әзірлікке жарты жыл уақыт кеткен болатын. Шеру аяқталған соң сарбаздар мен техника әскери бөлімдеріне орала бастады.