Астанада елорда күніне арналған мерекелік шаралар басталды - kaz.caravan.kz
  • $ 515.03
  • 584.82
+11 °C
Алматы
2025 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Астанада елорда күніне арналған мерекелік шаралар басталды

Астанада елорда күніне арналған мерекелік шаралар басталды

Бүгіннен бастап Астанада қала күніне орайластырылған мерекелік шаралар өткізіле бастайды, деп хабарлайды astana.kz.

  • 22 Маусым 2015
  • 455
Фото - Caravan.kz


Атап айтқанда,  бүгін «Сахнадан сәлем!» халықаралық театр фестивалі басталады. Фестиваль маусымның 28-іне дейін жалғаспақ. Бүгін танымал ресейлік әртіс Сергей Безруковтың қатысуымен «Сирано де Бержерак» қойылымы көпшілік назарына ұсынылады.
Сонымен қатар «Сарыарқа» ауданының әкімдігі апта бойы аулалар арасында бұқаралық спорт түрлерінен жарыстар өткізеді. 
Маусымның 26-сы күні Астанада алғаш рет халықаралық жауынгерлік өнер фестивалі өтеді. Шараға қазақстандықтардан бөлек, АҚШ, Қытай, Ресей, Чехия, Оңтүстік Корея және Жапонияның осы өнердегі хас шеберлері, үздік белбеулер мен дан иелері жиналмақ. Бағдарламаға айкидо, джиу-джитсу, капоэйра, будзинкан, тай боксы, годзю-рю каратэ, шин кали, кендо, таеквондо, вин-чун, шаолинь және қоян-қолтық жекпе-жек сияқты 12 спорт түрі енгізілген.

Елордада тұңғыш рет өтетін фестивальдің құрметті қонақтары — Голливуд жұлдызы, айкидо-айкикайдың жетінші дан иегері Стивен Сигал, актер, кәсіби спортшы, «Страна бокса», «Страна героев» тележобаларының жүргізушісі, жауынгерлік жекпе-жектердің әскери нұсқаушысы болған Сергей Бадюк, ресейлік кикбоксер, кәсібилер арасындағы бірнеше дүркін және қазіргі әлем чемпионы Бату Хасиков.
Сонымен қатар маусымның 28-і күні «Қазақстан» орталық концерт залында «Наз» мемлекеттік би театрының 15 жылдығына орайластырылған концерт өтеді. Өнерпаздар қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы мен тарихын көрермендерге сан салалы би тілімен көрсетпек. Өнерсүйер қауымға Қазақстан мен шет мемлекеттердің үздік балетмейстерлері дайындаған жаңа репертуар ұсынылады. Концертте Тамара Асар, Ардақ Балажанова, Айгүл Иманбаева, Жанар Айжанова, Маржан Арапбаева сынды эстрада жұлдыздары мен «Жастар» театры, «Пай-пай» этноаспаптық тобы өнер көрсетеді.
Елорда күніне орайластырылған мәдени шаралармен astanaday.kz сайтында танысуға болады.