Жарияланды: 480

Астанада өрт болып 20 отбасы үйсіз далада қалды

Астанада өрт болып 20 отбасы  үйсіз далада қалды

Астанада 80-нен асқан кейуана өз үйінде тірідей жанып кетті. Қария тұратын пәтерде газ балоны жарылып, өрт шыққан.

Көршілер көк түтіннің ішінен марқұмның жары мен немересін сыртқа шығарып үлгеріпті. Ал, аяғынан айырылған және көзі мүлдем көрмейтін мүгедек қартты құтқара алмаған. Тілсіз жаудың кесірінен екі қабатты үйдегі ондаған отбасы да баспанасыз далада қалды.

Қайғылы оқиға Астананың шетіндегі Пригородный деп аталатын елді мекенде болды. 20-ға жуық отбасы паналап келген екі қабатты үй қасқағым сәтте күлге айналған. Түнімен тілсіз жаумен алысып әбден әбігерге түскен жұрт әлі есеңгіреп  жүр.

-Тұрғындардың айтуынша, өрт дәл мына екінші қабаттағы пәтерден шыққан. Қызыл жалын 80-нен асқан қарт ананың өмірін жалмады. Жанып жатқан мүгедек әжейдің жанайқайын естігенмен құтқарып үлгермедік, - дейді көршілері.

Түн ортасында көрші пәтерден от шығып жатқанын алғаш болып байқаған – Кристиан. Ол еш ойланбастан қос қария тұратын үйге кіріп, құтқарушылар келгенше іштегілерді өзі сыртқа тасыған.  

Кристиан Донощенков:

-Өрт небары бірнеше минуттың ішінде өршіп кетті. Тек тұншығып жатқан ата мен немересін сыртқа шығарып үлгердім. Ал, бір аяғынан айырылған және көзі көрмейтін әжейді құтқара алмадым.

Өрт алдымен марқұмның пәтеріндегі электр сымнан тұтаныпты. Кейін асханадағы газ балоны жарылып, қос қабаттағы бірнеше пәтердің күлі көкке ұшқан. Тұрмыстық техника, жиһаз, киім-кешектің бірі қалмай жанып кетті. Тұрғындар сонда да жалғыз баспаналарынан айналшақтап кете алмай жүр.

-Мен келген кезде газ балон жарылды. Енді оның жарылысы масқара, ауызбен айтып жеткізу қиын.

-Ештеңе қалған жоқ. Балам, келінім, үш балам жасөспірім, мектепке барады.

Ал, үйдің екінші бөлігі өрттен жартылай зардап шеккен. Қабырғалары құлап қалған пәтерлердің тұрғындары болса, жүгін жинап көшіп жатыр.

Аягөз Фазылова, Астана қалалық ТЖД баспасөз қызметінің жетекшісі:

-Өрт сөндірушілер келгенде екі қабатты тұрғын үйдің екінші қабатында 3 пәтердің өртеніп жатқаны анықталды. Өрттің жалпы аумағы  280 шаршы метрді құрады. Қазір өрттік-тактикалық зерттеу тағайындалды, себебі анықталуда.

Оқиға орнында әкімдіктегілер де жүр. Шенеуніктер жағдайды түсіндірудің орнына камерадан қашып әлек. Дегенмен, баспаналары жанып кеткен тұрғындар уақытша жатақхана мен қонақ үйлерге орналастырылған. Ал, далада қалған жұртқа жаңа пәтер берілетін не берілмейтіні белгісіз. Жалпы, бұл үйдің салынғанына 50 жылдан асыпты. 10 жылдан бері құлағалы тұрған баспананы сүруге иелері рұқсат бермей келген екен.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін