Жарияланды: 450

Астанада құрылыс алаңынан 15 млн теңгенің металлы ұрланды

Астана. 12 тамыз. "Қазақстан Бүгін" - Астанада құрылыс алаңынан 15 млн теңгенің металлы ұрланды. Бұл туралы Астана қалалық ІІД бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Жанат Битенов апта сайынғы брифингте мәлім етті, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

"Астана қалалық ІІД-нің жедел басқару орталығына 7 тамызда қаладағы бір құрылыс нысанының күзетшісінен белгісіз біреулер пышақ пайдаланып, қарақшылық шабуыл жасау арқылы ірі көлемде металл өнімдері партиясын алып кеткені туралы хабар келді", - деді Ж. Битенов. Жәбірленушінің айтуынша, үш қылмыскер күзетшінің бөлмесіне басып кіріп, оны скотчпен матап тастап, құрылыс нысанының аумағына автокран мен жүк көлігін кіргізген. Шабуылшылар автокөлікке бір сағат бойы 30 тонна металлды тиеп алып, қылмыс орнынан іздерін жасырған. Ж. Битеновтың айтуынша, " Астана қалалық ІІД-нің жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларының көмегімен қылмыскерлердің жүрген жері тез арада анықталды. Оларды құрықтауға сол маңда түнгі күзетте жүрген полиция күштері жаппай жұмылдырылып, күдіктілер айғақзаттарымен қолға түсті". Ұсталған үш азамат та Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен келгендер, Астанада еш жерде жұмыс істемеген. Фирма басшылығынң хабарлауынша, жалпы шығын көлемі 15 млн теңгеге жетті. Қазір ұсталғандар уақытша тергеу абақтысында отыр. "ҚР Қылмыстық кодексінің басқаның аса ірі көлемдегі мүлкін иемденіп алу үшін қарақшылық шабуыл жасау жөніндегі 179-бабының 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап бойынша 8-15 жылға дейін бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеу жазасы қарастырылған", - деді Ж.Битенов. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть