Отырысқа ҚР мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев, вице-премьер Өмірзақ Шүкеев, еліміздің барлық өңірлерінен келген үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, президент әкімшілігінің өкілдері, үкімет өкілдері, парламент депутаттары, Қазақстандағы шетелдік елшілік өкілдері, халықаралық және шетелдік бейресми ұйымдар мен бизнес-құрылымдардың өкілдері қатысуда.
Форумның алғашқы күні әлеуметтік блок министрлері мен жекелеген облыстардың әкімдерінің президент Нұрсұлтан Назарбаевтың екінші Азаматтық форумда берген тапсырмаларының орындалуы мен азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасының жүзеге асырылу барысы жайлы есептері тыңдалды. Сонымен бірге, «дөңгелек үстел» форматындағы 7 үнқатысу алаңы аясында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі, азаматтық қоғам мен биліктің жергілікті өзін-өзі басқаруды жүзеге асыруға дайындығы, азаматтық қоғамның қатысуымен экологиялық проблемаларды шешу секілді үкіметтік емес ұйымдар секторын дамытуға қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
Форум қорытындысы бойынша, мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарлауынша, Қазақстанның Азаматтық альянсының ұйымдастыруымен «Танылу» атты байқаудың жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтеді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті