«Шараның басты мақсаты — балалардың инновациялық идеяларын қолдау, олардың жаңа технологияға деген қызығушылығын арттыру. Жобаларды ары қара іске асыру жөнінде қарастыратын боламыз. Себебі олардың кейбірі — тіпті коммерциализацияға шығаруға тұратындай дайын жобалар. Яғни олар — тек макет жүзінде қалмайды деген сөз. Балалардың ойларынан шыққан инновациялық дүниелер біздің экономикамыздың сұранысына ие болады», — дейді тілшілерге берген сұхбатында «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ басқарушы директоры Несіпбала Ермекова.
Комиссия қортындысы бойынша 5-8-сынып оқушылары арасында Ақсу қаласының 8-сынып оқушысы Толғанай Хайтар «Қолдан ашытқы жасау» жобасымен жеңімпаз атанды. Ал 9-11- сынып оқушылары ішінен Павлодар қаласының Абай атындағы №10 дарынды балаларға арналған мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы Сәдуақас Хәкім «ЛАМАБАТЭЛ» көпфункционалды, азгабаритті, мобильді медициналық құрал-жабдық жасақтау» жобасымен жеңімпаз атанды.
Жеңімпаз жобалардың авторлары 150 мың теңге көлемінде сыйақы мен дипломдарға иеленсе, байқаудың финалына дейін жеткен 8 жоба авторларына 50 мың теңге көлеміндегі сыйақы мен мақтау қағаздары табысталды.