Жарияланды: 40

Астанадағы түрмеде сотталғандар алғыс айту хатын жазды

Астанадағы түрмеде сотталғандар алғыс айту хатын жазды

Бүгін елімізде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылғы 14 қаңтардағы №173 Жарлығымен бекітілген Алғыс айту күні аталып өтілуде. Бұл күні жазасын өтеп жатқан сотталғандар да назардан тыс қалған жоқ.

Астана қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЕЦ-166/5 мекемесі (қауіпсіздігі барынша жоғары мекеме) әкімшілігінің бастамасымен сотталған азаматтар туыстары мен жақындарына арнап алғыс хатын жазды.

Темір тордың арғы жағында отырған адамдардың хатын оқып отырып, қаншалықты ауыр қылмыс жасаса да, олардың жүрегіндегі мейірім мен болашаққа деген үміт сәулесінің сөнбегендігі байқалады.

«Бүгін алғыс білдіруге мүмкіндік бергендердің бәріне, қиын сәттерде жанымда болып, менен бас тартпағаны үшін жақындарым мен туғандарыма алғыс айтамын», - деді сотталған А.Филатов.

Келесі бір хатта сотталған А. Оразқұлов туған-туысына алғыс білдіре келе өзі отырған мекеме қызметкерлеріне алғысын айтты.

«Қандай болсаң да «Адам болады» деп ата-анаңдай бағып-қағып, бүкіл жағдайыңды жасап отырған мекеме жұмыскерлеріне шын көңіліммен ризашылығымды білдіріп, айтылған жандардың барлығына шын жүректен алғысымды айтқым келеді», - деп хатын аяқтады ол.

Әрбір оқылған хат ата-анасына, жақындарына қиын кезеңде қолдау көрсеткені үшін және Елбасына бейбіт өмір үшін айтылған алғыс, ізгі ілтипатпен басталады.

Өз кезегінде сотталған азаматтар үшін жақындарының қолдауы, колония ішінде ұйымдастырылатын тәрбиелік іс-шаралар олардың түзу жолға түсіп, бостандыққа шыққаннан кейінгі өмірінде қоғамға оңай сіңісіп кетуіне ықпал етеді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть