Жарияланды: 280

«Атамекен» палатасы жаңа пән оқулығын бірлесіп әзірлеуге үндеді

«Атамекен» палатасы жаңа пән оқулығын бірлесіп әзірлеуге үндеді

Келесі жылдан бастап 10-11 сынып оқушылары үшін "Кәсіпкерлік және бизнес негіздері" атты пән енгізіледі. Оған дейін осы тақырыпқа арналған арнайы оқулықты басып шығару қажет, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі жоспарға сәйкес, оқушылар екі жылдың ішінде бизнес негіздерін меңгеріп қана қоймай, өз жобаларын да даярлап шығады. Оқу бағдарламасы бойынша сабақтың 40 пайызы теорияға арналса, қалғанын нақты мысалдармен ойын түрінде өткізу көзделіп отыр.

"Мәселен, 10-сынып оқушылары алдымен кәсіпкерліктің негіздерін меңгереді. Екінші тоқсанда олар өзара бірігіп, компанияларды құру арқылы менеджмент, стартаптар, инновациялар, салық жүйесі және тағы басқа қажетті дүниелерді игереді. Басқару функцияларын тани бастайды. Үшінші тоқсанда бәсекелестіктің қыр-сырын біледі. Ал төртінші тоқсанда оқушылар нақты бір өнімді таңдап, тауар сатудың маркетингін даярлайды. 11-сыныпта оқушылар өз идеяларын іске асыруы шарт", - дейді жаңа пәннің оқу бағдарламасын даярлау тобының өкілі Ермек Дүйсенxанов.

Оқу бағдарламасының жобасы дайын болса да, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы оны әлі де жетілдіру керек деп санайды. Мәселен, онлайн режимде танымал бизнесмендердің дәрістерін өткізуге болады. "Біз аптасына екі рет жиналып, осы мәселені кеңінен талқылайтын боламыз. Сондықтан осы жұмысқа барлық сарапшылар мен бизнесмендерді шақырамыз. Әлеуметтік желілерде де талқылаулар жүреді. Бұдан бөлек, bilim@atameken.kz поштасына ұсыныс жолдауға болады. Біз барлығын қарап шығамыз. Бұл талқылауға мұғалімдер мен ата-аналар да белсене атсалысуы қажет", - дейді "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев.

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылованың айтуынша, кәсіпкерлікті меңгеруге арналған жаңа пән оқушыларға салмақ түсірмейді. Себебі экономика мен қаржы пәндерінің орнына енгізіледі.

Аталған бастаманың авторлары оқушылардың ішінен тың жобалардың шығатынына үлкен сеніммен қарайды. Болашақта ол жобалар ЭКСПО аймағында құрылатын IT стартаптар паркіне қабылдануы әбден мүмкін.  


 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін