Асанәлі Әшімов, ҚР Халық артисі:
-Мен өзі айтуға ұялушы едім, сұрағанда халық 2-3 есе көбейтіп айтатынмын. Біз біраз жерге келіп қалдық қой, әсіресе жастарға 30-40 мың деген айлық па? Пәтерақыға да жетпейді.
Қазір облыстық театр актерлерінің еңбекақысы 30-40 мың теңге. Әртістерсіз бірде бір мемлекеттік мереке, не саяси шаралар өтпейді. Бірақ, «сол өнер майталмандарының жалақысы жұрт алдындағы беделіне мүлдем сай емес» деп күйінді министр. Сондықтан Құл-Мұхаммед әкімдерден көмек сұрап, жергілікті бюджет есебінен әртістердің жалақысын екі есеге көтеруді ұсынды. Сондай-ақ, өңірлерде жаңа қойылымды сахналауға бөлінетін қаржы да мардымсыз екен. Мәселен, Жетісай театрында 4 қойылымға 1 млн теңге, яғни әр спектакльге небәрі 275 мың теңге жұмсалған, ал Павлодар облыстық қазақ театрында 6 қойылымға 1 жарым млн, яғни әр спектакльге 293 мың теңге ғана қаражат бөлінген.
Мұхтар Құл-Мұхаммед, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
-Айтыңыздаршы, ондаған әртіс қатысып, оларға арнайы костюм тігілетін, бірнеше рет көрініс ауысып, көптеген арнайы декорациялар, реквизиттер жасалатын спектакльді небәрі 2000 долларға жетер-жетпес қаражатқа сахналауға бола ма? Тіпті, сол шенеуніктердің ара-тұра болатын той-томалағына қатысатын кейбір эстрада "жұлдызшаларына" бұдан әлдеқайда көп қаламақы берілетінін олар жақсы біледі.