Әскери пилоткадағы қыздар, соғыс жылдарын бейнелеген мына сарбаздар келушілерді күтіп алып жатыр. Фильм тегін көрсетілгендіктен бе, кинозал ішінде ине шаншар жер жоқ.
–Борышымызды өтеу үшін істедік. Сөйтіп оны абыроймен ақтады. Ұлы жеңіс бізге оңайға түскен жоқ.
Мына кадрлер Бауыржан Момышұлының өз даусымен жазылған. Фильм авторлары бұл алтын қорды айналып өтпепті. Көпшілік даңқты батырдың ашық та жарқын даусын естіді. Қазақтың біртуар ұлы туралы фильмді түсіру биыл жазда Талғар қаласында басталған еді. Міне, мынадай мектептердің бірінде Бауыржан Момышұлының батальоны құрылып, майдан шебіне аттанады. Басты рөлді сомдаған Еркебұлан Дайыров қолбасшының мінез-құлқын барынша зерттегенін айтады. Бойдақ актер құпиясымен де бөлісті.
Еркебұлан Дайыров, М.Әуезов атындағы Академиялық драма театрдың артисі:
–Бәукеңнің жалпы шығармашылығымен танысқан адамдардың бәрі балаларының атын Бауыржан деп қойған ғой. Неге екенін енді түсіндім. Мен осы образға, Бәукеңнің шығармашылығына, жалпы Бауыржандай қазақтың осындай азаматы барына қуанам, мінез құлқына, шығармашылығына ғашық болдым. Алла бұйыртып ұлым болса, ұлымның атын Бауыржан деп қоям.
Көркем туынды Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованың да көңілінен шығыпты. Қаламгер көрермен әсіресе, енесі Жамал апайдың образы кадрден тыс қалмағанға қуанды.
Зейнеп Ахметова, Бауыржан Момышұлының келіні:
– Атаның ерлігін де серілігін де оның тентектігін де бәрін көтере білген адам. Мінекей осы анамыздың образы шыққаны мені ана ретінде, анамның ұстаған қазанын ұстап қалған адам ретінде өте қатты риза болдым. Толқып отырып, жаңа өзім жылап та алдым. Бәкең өмірден өткенінен 1 жыл болды. Ол да көрсе риза болар еді.
Жау шебіне аттанып үйіне 14 жылдан соң ғана оралған Бауыржан Момышұлының өмірінен сыр шертетін отандық фильм 4 сериядан тұрады. Әрқайсысы 40 минуттан. Телехикая республикалық арналардың бірінен 17-ші желтоқсанда өз көрсетілімін бастайды.