Атырау обласында бүтін бір елді мекен тонналап ауыз су сатып алуға мәжбүр - kaz.caravan.kz
  • $ 471.77
  • 547.25
+9 °C
Алматы
2026 Жыл
20 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Атырау обласында бүтін бір елді мекен тонналап ауыз су сатып алуға мәжбүр

Атырау обласында бүтін бір елді мекен тонналап ауыз су сатып алуға мәжбүр

Атырау облысында бүтін бір елді мекен ауыз судан қағылған. Доссор кентіне жаңа құбыр тартылып, пайдалануға берілсе де, халық тіршілік нәрін тонналап сатып алуға мәжбүр. Аталған елді мекенге су құбырын тарту үшін өткен жылы мемлекет қазынасынан 450 миллион теңге бөлініпті. Жұрт осы қыруар қаржыға салынған нысанның арқасында судан тарықпаймыз деп ойлаған. Алайда доссорлықтар қазір қолдарына шелек алып, су үшін бір-бірімен жаға жыртысуға дайын.

  • 27 Маусым 2015
  • 550
Фото - Caravan.kz

-Су жоқ. Жаңа Мақаттан тасимыз, әркім үйіне барып, бір шелек, 2  шелек берші деп. Сұмдық қой мынау 21  ғасырда!

Осындағы 12 мыңға жуық халықтың өкпе-назын арқалаған бір топ доссорлық бүгін әкімдік алдына жиылды. Айтуларынша, 10 жылдан бері тіршілік нәрінен тарығып келеді. Бір тонна судың бағасы 2500-3000 теңге. Онда да күніне үш мезгіл екі сағаттан берілетін судың арты көбіне талас-тартысқа ұласатын көрінеді. Өйткені әркім өз күшіне сенбесе, шелектері бос қайтады.

Қатира Кикенова, Доссор кентінің тұрғыны:

-Машинамен келгенде таси алмаймын. Жұрттар әкеп беред, обалың бар ғой деп. Тіпті, таси алмаймыз, қиын болып тұр. Соғыс кезінде де қиындықты көрдік, қазір де сол қиындықты көріп отырмын.

Ауыз судың ызасы әбден өткен доссорлықтар жағдайды түсіндіріп, ақталмақ болған «Доссор Су арнасы» мекемесінің басшысы Қуаныш Ысмағұловтың аузын ашқызбады.

-Ақшасын төлесе су болад — Ақшасың төледік қой! — Апа, енді сіз төлеп жатсыз, қалғандары төлемей жатыр ғой. – Енді соған да мен жауаптымын ба не?

Басшының айтуынша, 2014 жылы Доссорға құбыр тартылып, халыққа ауыз су үздіксіз берілген. Бірақ тұрғындар суды үнемдеп пайдаланбағаны өз алдына, ақшасын да төлеуді ұмыт қалдырыпты.


Қуаныш Ысмағұлов, «Доссор су арнасы» мекемесінің басшысы:

-Халық «Доссор суға» бережақ. Ал мен «Атырау су арнасына» бережақпын. Өйткені суды солар жібереді. 7 миллион ақша қарыз бар халықтан жиналмай тұрған. Сол себепті су жібермей тұр.

Айта кетейік, өткен жылы «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша Доссорға су құбырын тарту үшін қазынадан 450 млн теңге бөлінген. Аядай ауылға бұл да жеткіліксіз боп отыр бірақ. Енді жергілікті басшылар тағы да он шақты шақырым құбыр тарту үшін қазынадан миллондаған қаржының бөлінуін күтіп отырмыз дейді. Ал ол қаржы бөлініп, игерілгенше, доссорлықтар ауыз су зардабын тарта беретін секілді.